Өскемендіктер соғым етін жәрмеңкеден сатып алып жатыр
Жәрмеңкеге семіз малдың етін, балық пен сүт өнімдерін әкелсе қуанады жұрт. Қыс қамын ойлаған өскемендіктер соғым етін апта сайын өткізілетін дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінен арзанға сатып алады.
Бүгін облыс орталығына Тарбағатай ауданынан керуен келді. Базаршылар келген ел ірі қараның бес тонна етін бесінге жеткізбей пышақ үстінен тала әкетті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері 5,1 тонна ірі қара малдың етін, бір тонна жылқы етін, 1,4 тонна қой етін әкеліпті.
Иә, баға расымен де базардағыдан айтарлықтай төмен, ал тауардың сапасы жақсы. Мұны жәрмеңкеге келген көпшілік те растап отыр.
Ауылдың дәмі керемет қой шіркін! Анау тұста қарынға салған сарымай, мынау бір жерде құрт-ірімшік, қазы-қарта деймісіз толып тұр. Аларман жұрт та, сатушылар да мәз. Екі жаққа да тиімді сауда жүріп жатыр. Дәмі тіл үйірер Тарбағатайдың етін халық түске дейін түгел талап әкетті. Балықты да сағынып қалғаны көрініп тұр. Зайсан көлінің байлығы - сазан,табан, көксеркені келілеп өлшеп, дорбалап, тіпті қапқа салып әкеткендер де болды.
Қалада тұтынушы көп, ауылда өндіруші бар. Іздегенге сұраған. Араға біраз жыл салып “Туған жер - алтын бесігім” акциясы аясында қайта жанданған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қазіргідей қымбатшылық қысқан заманда қарапайым халыққа үлкен жеңілдік болғаны рас. Бұл дәстүр үзілмейді деп сенеміз. Керісінше көкжиегі кеңейіп, ауқымы ұлғая түспек. “Алтай” көтерме-тарату орталығы іске қосылса өскемендіктер сенбінің жәрмеңкесін күтіп жүрмей аптаның кез келген күнінде азық-түлік өнімдерін жеткізушіден тікелей, ешқандай делдалсыз сатып алатын болады. Ауылдағы шаруаларға да өз өнімін еш кедергісіз өткізуге мүмкіндік туады.
Ынтымақ Толқын