Алтайдың жастары жолда қалғандарға ыстық шай мен бауырсақ жеткізді
Алтай ауданының еріктілері жолда қалған көлік жүргізушілеріне «жылу» сыйлады.
Өскемен-Алтай-Рахман қайнарлары тас жолында ондаған жеңіл және жүк көлігі тұрып қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл бағыт ауа райы қолайсыздығына байланысты жабық.
Осы орайда Алтай ауданының Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері мен фронт-офис еріктілері «Жылу сыйла» акциясы аясында жүргізушілерге ыстық шай мен бауырсақ жеткізді.
«Жылу сыйла» акциясын 15 ақпан күні Өскеменнің еріктілері бастап, көшедегілерге шай мен бауырсақ таратқан еді. Акцияны өңірлердегі жастар да жалғастыруда.
Шығыс Қазақстан облысында қар толассыз жауып, барлық коммуналдық қызметтер тәулік бойы тынымсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабық.