KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 0,4 м/с, З
480.61 534.53 5.28

Тарбағатайда ұлттық құндылықтарды дәріптеген әжелер куизі өтті

18.02.2024, 10:00 515 Назерке Каримова

Тарбағатай ауданының шекара түбіндегі шағын ғана Ақметбұлақ ауылында осымен екінші рет әжелер куизі өтті.

Зияткерлік сайыс КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Ұлттық Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор, даңқты ұстаз Қанипа Бітібаеваны еске алу құрметіне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі. 

Зейнет жасындағы адамдардың қоғамдық белсенділігін арттыру, әжелер институтының үлгісін қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді дәріптей отырып жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуді мақсат еткен зияткерлік ойынға 10 команда, яғни 95 адам қатысты.

Тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша бас жүлдені Жаңаталап ауылының «Әйгерім» әжелер тобы жеңіп алып, арнайы кубок пен қомақты ақшалай сыйлықты иеленді. Ал бірінші орынға Құйған ауылының «Айша Бибі» әжелер тобы ие болды, екінші орын Жаңаауыл ауылдық округінің «Зере» әжелер тобына бұйырды. Үздік үштікті Ақметбұлақ ауылының «Мақта ана» командасы түйіндеді. Басқа командаларға да ұйымдастырушылар атынан арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Айта кетейік, әжелер куизінің ұйымшылдықпен өтуіне Ақметбұлақ ауылының шаруа қожалықтары, жекелеген азаматтар атсалысты. Сайысқа облыстық мәслихат депутаты Б.Нұрпейісов, Ақжар мәдениет үйі, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімдігі, Д.Қонаев атындағы орта мектептің ұжымы демеушілік жасады.

Қ. Бітібаева атындағы куиз енді кубокты жеңіп алған Жаңаталап ауылында Наурыз мейрамы қарсаңында жаңа форматта ұлттық сипаттағы мерекелік шара ретінде өткізілетін болады.

Естеріңізге сала кетсек, ШҚО әкімі Ермек Көшербав жауапты басқармалардың басшылары мен аудан-қалалардың әкімдеріне өңірімізде зейнет жасындағы адамдардың қоғамдағы белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануын қамтамасыз ету және бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив