Тарбағатайда 90 әже QUIZ ойнады
Тарбағатай ауданында 90 әже қатысқан интеллектуалды «QUIZ» ойыны өтті. Ойдан-қырдан жиналып ой жарыстырған әжелер Қанипа Бітібаева атындағы ауыспалы кубокті сарапқа салды.
Жетіарал мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Хан апа» әжелер тобының қолдауымен өткен «QUIZ» ойынына Тарбағатайдың түкпір-түкпірінен жиналған әжелер ғана қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
– Түрлі-түрлі Quiz ойындарын көріп жүрміз ғой, бірақ Тарбағатайдың ақ кимешекті 90 әжесі жиналып ойнаған «ӘЖЕЛЕР-QUIZ» ойынын бірінші рет көрдім. Шындығында бұл ойын бүкіл Қазақстанда алғаш рет өтті. Әжелер түрлі тақырыптардағы қызықты сұрақтарды шешіп, ән салып, би биледі. Аудандық Ақжар мәдениет үйінің директоры Шакен Мәлікқызы бас болып, Жетіарал ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері мен Ринат Қожахметов бастаған ауыл жастары ұйымдастырған игі шараның куәсі болып, өзіміз де сергіп қайттық. Ойын соңында ауыл жастары әжелерге ақ дастархан жайып, аудан әкімі Дархан Шомпайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Өмірхан Әйкенұлы арнайы келіп құттықтады. Ұлт ұстазы Қанипа Бітібаева апамыздың атындағы ауыспалы кубокты шекараның шетінен келген Ахметбұлақ әжелер командасы иеленді. Әжелердің келесі ойыны Жаңауыл ауылында өтетін болады, – дейді Тарбағатай ауданының ішкі саясат бөілімінің басшысы Ермек Құрманғалиев.
Аудан белсенділері алдағы уақытта «Ақсақал-QUIZ» ойынын өткізуді жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз