Ораза - қайырымдылық һәм ізгілік айы
Фото: 2gis.kz
Ұлттық құндылықтың түп қазығы - тіл мен діл, дін мен дәстүр. Осы бір ұйыстырушы күштерді санасында сақтай білген елдің бірлігі бекем, ынтымағы берік болмақ. Адам баласын осындай ізгі қасиеттерге жетелейтін діни дәстүрлі үрдіс, әр мұсылманға парыз саналатын ораза да келіп жетті. Осыған орай облыстық «Халифа Алтай» мешітінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биылғы ораза наурыздың басында басталып, сәуірдің салқынында аяқталмақ. Көктемгі ұзынсары уақыты ораза ұстағандарға оңай соға қоймасы анық. Сондықтан да мешіт өкілдері бірінші денсаулықты, одан кейін құлшылықты ойлау керектігін айтады.
Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ораза айт мерекесі 10 сәуірге сәйкес келіп отыр. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 640 теңге болып бекітілді.
Сонымен қатар ораза айында қайырымдылық қорларының және жеке азаматтардың ұйымдастыруымен көптеген іс-шара өтпек. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, қарттар үйі мен балалар үйінде ауызашар берілмек. Сондай-ақ дәстүрлі үрдіске сай облыстық «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен мұқтаж жандарға пәтер берілетіні де айтылды.
Сондай-ақ ораза айы қарсаңында «Жарапазан» эстафетасы жалғасын тауып, күн сайын ауызашар беріледі. Ақындар айтысы өтіп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Осылайша ораза айында қайырымдылық іс-шаралармен қатар, ұлттық құндылықтың да ұпайы түгенделмек.