Өскемен әкімі Үлбі өзені бойындағы аумақты тексерді (видео)
Облыс орталығында Үлбі өзенінің су деңгейі көтерілгенде су басу қаупі жоғары бірнеше жер бар. Шаһар басшысы аталмыш орындарды аралап, тасқынға қарсы ұйымдастырылған жұмыспен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
- Саяжайлар орналасқан осы аудан - су шаю қаупі жоғары жерлердің бірі. Оның алдын алу үшін өзен жағасына қиыршық тастар төгіп, үйлерден алшақтаттық және биіктігін де әжептәуір көтердік. Су деңгейі көтерілсе де, бұл үйлерге қауіп жоқ, - деді қала әкімі.
Қазір Үлбі өзені бақылауға алынған. Болжам бойынша су деңгейі тағы екі метрге дейін көтерілуі мүмкін.
- Қардың еруіне байланысты су деңгейі әр түрлі көтеріледі. Бізде көпжылдық мәліметтер болғандықтан таудағы қалған қардың мөлшерін және ауа райын ескеріп, су деңгейін бақылауда ұстап отырмыз. Шамамен енді екі метрдей көтеріледі. Өзен суы жағада салынға бөгеттен аспайды, - деді Өскемен қаласы әкімдігінің инспекторы Қаныш Әбенұлы.
Айта кетейік, қала маңындағы Ахмер, Шығыс, Меновное, Аблакетка, Красина және басқа да шағын аудандарда су басу қаупі жоқ.
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Жәнібек Серік
Оқи отырыңыз