ШҚО-да зейнеткердің 18 миллион теңгесі қолды болды
Шығыс Қазақстан облысында зейнеткердің 18 миллион теңгесін ұрлап кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Риддер қаласының полиция бөліміне 65 жастағы тұрғын арызданып, үйіне ұры түскенін, шкафта тұрған қомақты қаражатын қымқырып кеткенін айтқан. Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктіні қолға түсірді.
– Ұры үйге ешкім жоқ кезде терезе арқылы кірген. Жатын бөлмедегі шкафтан 18 миллион теңгеден астам ақша (шетел валютасымен сақталған) салынған пакетті алып, бой тасалаған. Қол түскен күдікті, Риддер қаласының 41 жастағы тұрғыны, өз кінәсін толық мойындап отыр, – деп мәлімдеді департамент басшысының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қолды болған қаражат табылды. Қазір тергеу жүріп жатыр.