Шығыс Қазақстан жұртшылығы сақтық шараларын күшейту туралы бастама көтерді
Коронавирус диагнозы қойылған науқастар санының күрт өсуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығы шектеу шараларын күшейту туралы ұсыныс жасады.
Өйтпегенде, белсенділердің айтуынша, науқастардың санын азайту мүмкін емес. Бастаманы Марлен Әбубәкір, Олег Чернышов, Лилия Гончарук және басқалар да қолдады.
Олар облыс басшылығынан және бас санитариялық дәрігерден шектеу шараларын күшейтуді және қажет болған жағдайда аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының ірі қалаларына кіріп-шығуды шектеуді талап етті.
Еске сала кетейік, ШҚО бірнеше апта қатарынан COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны бойынша республиканың облыстары мен қалалары арасында көш бастап келеді.
Ал бүгін статистика көрсеткіші тіптен өсіп, Қазақстандағы өзге аймақтарда тіркелген науқастардың жартысынан көбін, яғни, бүкіл республика бойынша 264 науқастың 139-ын құрады.
Жағдай шынымен де қауіпті. Аймақтың көптеген тұрғындарының әлі күнге дейін санитарлық шектеулерді орындауға, атап айтқанда маска кимей, арақашықтық сақтамай, немқұрайлы қарауы – алаңдатарлық жайт.
Маусымдық аурулар санының өсу жағдайында әлемді жайлаған індет жайлы ойланатын, қажетті шараларды қабылдайтын уақыт келді.