Өскемен тұрғыны көпірден секірмек болды
Өскемен тұрғыны көпірден секірмек болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Кеше облыс орталығының 43 жастағы тұрғыны Понтон көпірінен өз-өзін тастап жіберуге оқталған. Абырой болғанда, жақын маңда іздеу жұмыстарын жүргізіп жүрген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көпір шетіндегі адамды байқап, бірден әріптестерін шақырған. Осы кезде жақын маңдағы полиция экипажы да көпірге жетіп үлгеріпті.
– Полицейлер жедел әрекетке көшіп, ер азаматты райынан қайтара білді. Алайда ол әйелі балаларымен бірге тастап кеткенін айтып, тәртіп сақшыларымен тілге келе қоймады. Ішімдік ішкені және бар. Осы уақыт аралығында құтқарушылар да келіп жетті. Олармен бірге келген психолог Оксана Петрова қала тұрғынымен сөйлесіп, біршама сабасына түсірді, – деп мәлімдеді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.