87-нің аязды қысы:Үлбі көпіріндегі апат
Бұл апат 1987 жылы Өскемен қаласында орын алған болатын. Сол жылы қыс ерте түсті. Ал қараша айында қатты аяздар басталды. Түнде сынап бағанасы минус 54 градусқа дейін көрсетті. Әрине, сарышұнақ аяздар Алтайдың халқы үшін ерекше құбылыс емес. Бірақ елу градустық аяздар жиі бола бермейді.
Төтенше жағдай қарашаның 26-сы күні болды. Бірнеше күн тұрып алған қақаған аяздың кесіренен шаһардың қақ ортасындағы Үлбі көпірінің бір негізгі салмақ түсетін конструкциясы жарылып кетті. Бірақ темірдің жарылып кеткені туралы ешкім бірден білген емес. Өйткені оны анықтау үшін көпірдің астына түсу керек болатын. Оның үстіне инженерлер аяздан темір жарылып кетеді деп ойламаған да еді.
Рэй неге ұлыды?
Абырой болғанда өскемендіктер адам шығынына әкелетін алапат апаттан аман қалды. Ал оған себепкер адамның төртаяқты досы – ит екенін біреу білсе, біреу білмес. Жалпы, Өскеменде ит асырайтындардың қарасы көп. Өзге ұлт өкілдері оларды өз пәтерлерінде ұстап, күнделікті серуенге шығарып тұрады. Далада қандай ауа райы болса да, нөсер жауын ба, қарлы боран ба, қаһарлы аяз ба, бәрібір итті көшеге шығарып, бір жүгіртіп алмаса болмайды.
Сол күні таңертең тұрмыстық қызмет көрсету үйінде фотограф болып жұмыс істейтін Олег Васильченко да суыққа қарамастан өзінің асыл тұқымды Рэй атты төртаяқты досын серуенге алып шыққан болатын. Ол шыққанда дала әлі қараңғы еді, көшеде адамдар да жоқ. Тек бірен-саран көліктер ғана өтіп жатты.
Жетегіндегі эрдель-терьер Олегті көпірдің астына қарай алып жүрді. Иесі амалсыз артынан ерді. Көпір астына түсісімен ит жоғары қарап абалап үріп, тіпті ұли бастайды. Қожайыны итінің бұл қылығына аң-таң болды. Себебін де түсінбеді. Бір кезде төбесіне қараған ол шошып кетті. Көпірдің темір балкасы сынып кетіпті. Саққұлақ ит сынған жерден шығып тұрған ызыңды естіген көрінеді. Сол сәтте көпір үстінен трамвай өтіп, сынған жуан темір дірілдей бастады.
Радио мен теледидардан айтылды
Біраздан соң көлік ағыны күшейе түспек. Көліктер де арлы-берлі қарқынды жүре бастайды. Мына түрімен көпір құлап түсуі де мүмкін. Олег дереу үйіне жүгіріп барып, милицияға телефон соқты.
Бір сағаттан соң-ақ көпір жабылды. Жедел жеткен қызыл жағалылар көліктерді кері қайтарып жатты. Радио мен теледидар арқылы жергілікті билік шұғыл ақпарат таратты. Көпірдің апатты жағдайда тұрғаны бүкіл елге жария болды.
Өскеменнің ортасында тұрған көпір – шаһардың негізгі көлік артериясы. Оның жабылуы қала өміріне үлкен кедергі келтірді. Сол күні-ақ жедел шаралар қолға алынып, жақын жердегі Спорт сарайы маңынан тас-топырақты өткел жасалды, қыс мезгілінде көліктер сол жермен қатынап жүрді. Көктем шығысымен Үлбі деңгейі көтеріліп, ол өткел алынып тасталды. Көпір жаяу жүргіншілер үшін ғана ашылды. Адамдар көпірге дейін автобуспен жетіп, келесі бетке жаяу өтіп жүрді, арғы жақта сол бағыттағы автобусқа мініп сапарын жалғастыратын. Осы көпір үстімен жүретін трамвайлар қос-қостан тіркесіп жүретін болды. Олар көпірге дейін жетіп, кері қайтатын. Бір бағытта біреуі екіншісін сүйресе, кері бағытта міндеттерімен алмасып, жетектегі трамвай екіншісін тартатын. Қалалықтардың қатынасы үшін тіпті Өскемен теміржол вокзалы мен титан-магний комбинаты ауданы арасында пойыз да жүре бастады. Үлбінің екінші жағасына өту үшін көліктер Ертістегі понтон көпірі арқылы өтетін, айналма жол қашықтығы 17 шақырымды құрады.
– Сол қыс әлі есімде. Мен Өскеменнің педучилищесінде оқып жүргенмін. Жатақханадағы батареялар қатты аяздан жарылып, қатып қалды. Амал жоқ, мұздай бөлмелерде тұрып, тыныш қана оқуымызды жалғастыра бердік. Енді ойлаймын, сол кезде қалай шыдағанбыз деп, егер ондай жағдай қазір болса, үлкен шу болар еді. Ата-аналар атой салар еді, – деп еске алады сол қысты Наталья Шахова. – Ал Үлбі көпірі екі жыл істемей тұрды. Үстімен жаяу жүретінбіз. Таңғы және кеші қарбалас кезінде адамның көптігінен сығылысып әрең өтетінбіз көпірден.
Екі жыл көлік жүрмеді
Көпірді жөндеу жұмыстары екі жылға созылды. Осы кезең ішінде көпір күрделі жөндеуден өтті, тіпті қайтадан салынып шықты деуге де болады. Оны қалпына келтіру кезінде Кеңес одағында бұрын пайдаланылмаған ерекше технология қолданылды. Яғни, көпір қақ ортасынан екіге кесіліп, бір жақ шеті Спорт сарайы жағына итерілді, ол бөлік тек жаяу жүргіншілерге ғана арналды. Ол көпір әлі де тұр, онымен тек жаяу жүргіншілер жүреді. Бірақ қалалықтардың көпшілігі оны сол ескі көпірдің бір бөлігі екенін білмейді. Үлбі көпірінің қалған екінші бөлігіне күрделі жөндеу жүргізіліп, кеңейтілді. Онымен бүгінде автокөліктер қатынайды.
Қала басшылығы апатты бірінші болып аңғарған иттің егесіне алғыс білдіріп, естелік сыйлық ретінде «ВЭФ» радиоқабылдағышын тарту етеді. Фототілші Равиль Зәріпов сол сәтті фотоаппараттына түсіріп алған екен. Өкінішке қарай, біз иттің иесін таба алмадық, ол 90-шы жылдардың басында отбасымен Германияға көшіп кеткен екен.
Техникалық жағдайы ұдайы тексеріліп тұрады
2003 жылы Өскеменде Үлбі өзені үстінен Шәкәрім даңғылы (Ворошилов көшесі)мен Мыза көшелерін жалғап жатқан жаңа көпір салынды.
Тура он жылдан соң тағы сол Үлбінің үстінен келесі көпір ашылды. Астана мен Крылов көшелерін жалғайтын бұл көпірдің ұзындығы – 300 метр.
Осы көпірлердің қолданысқа берілуі орталық көшелердің жүктемесін азайтып, таңертеңгі және кешкі уақыттарда болатын көлік кептелістерін сиретуге көмектесті.
2012 жылдың күзінде ескі Үлбі көпірінің астынан салынған жолдар пайдалануға берілді. Қаланың көлік ағыны көп аймағы болғандықтан бұл жолдар Протозанов пен Астана көшелерімен көпірді айналмай-ақ, төте өтуге мүмкіндік берді. Тек көктемгі су тасқыны кезінде ғана ол жолдар уақытша жабылып тұрады.
Ескі Үлбі көпірі қалалықтар есінде субұрқақтарымен де қалды. Олар 2010 жылы орнатылып, көп ұзамай алынып тасталған-ды.
Әлбетте, тұрғындарды мұндай апаттың қайталануы мүмкін бе деген сауал алаңдатары сөзсіз. Бұл ретте, азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ. Бүгінгі таңда қаладағы көпірлердің техникалық жағдайы ұдайы тексеріліп тұрады.
Мамандардың айтуынша, ескі Үлбі көпірі 50-ші жылдардың соңында техникалық талаптарды бұза отырып, асығыс салынған болатын. Оның үстіне 1987 жылы көпір мүлдем мүшкіл жағдайға жеткен, сондай-ақ кеңестік кезеңге тән салғырттықтың кесірінен оған ешкім де мән бермеген. Осы ретте 1986 жылы болған әйгілі Чернобыль апатын еске салуға болады, ол да сол жауапсыздық пен немқұрайлықтан жарылған-ды.
Бір қызығы, Үлбі көпірін жөндеуге әлемдік держава саналған Кеңестер одағы жылдар бойы қаржы таппапты. Салдарынан осындай апаттық жағдайға әкеп соқтырды...