Күршім әкімі: "Шешім шыққанша алтын өндіретін компания жұмысы уақытша тоқтатылады"
![](/kz/uploads/posts/iblock/c64/c647ae15a868666de4c7da2030bc364c.jpeg)
22 маусым күні Маралды ауылдық округі тұрғындармен алтын барлау және өндіру ісімен айналысатын компания жұмысына байланысты қоғамдық тыңдау өтті.
Қоғамдық тыңдауға жалпы саны 400 ден астам адам қатысты, оның ішінде Астана, Алматы, Өскемен, Күршім,Сарыөлең, Бурабай, Қойтас, Теректібұлақ ауылдарындағы Маралды ауылының тумалары, Қыстау-Күршім, Үшбұлақ, Маралды ауыл тұрғындары, зейнеткерлер, кәсіпкерлер, омарташылар, орман шаруашылығы мен мектеп мұғалімдері және жұмысшылары, ветеринария қызметкерлері, жастары, ауыл белсенділері мен мәслихат депутаты бар.
Жиында сөз алған ауыл тұрғындары алтын өндіретін фабриканың салынуына келіспейтіндерін айтып, өз ойларымен бөлісті. Компания экологтары да өз уәждерін алға тартып, зиянды қалдықтар арнайы ыдыстарда сақталып, жойылатынын, одан табиғатқа ешқандай залал келмейтінін түсіндіруге тырысты.
- Үш сатылы сүзгі пайдаланылып, заманауи технология күшімен істелетін жұмыс барысы қауіпсіздігі жоғары болып есептеледі. Алайда, жергілікті тұрғындар оған сенбейтіндерін, қауіпсіздігіне көздері жетпей тұрғандарын айтып, фабриканың салынуына қарсылықтарын білдірді. Арнайы жұмыс тобы тараптарды тыңдап, тұрғындардың негізгі сұрақтары бойынша тексеру-сараптау жұмыстары белгіленетінін, оның қорытындысы бір айдың ішінде шығатынын мәлімдеді. Қандай да бір шешім шыққанша компания жұмысы уақытша тоқтатылатын болды, - деді Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов.