Қазақстан мен РФ арасындағы тауар айналымы 27 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 27 млрд АҚШ долларына тең болды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Қостанайда екі ел арасындағы XIX өңіраралық ынтымақтастық форум жалғасып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин пленарлық сессияға бейнеконференцбайланыс режимі арқылы қатысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы екі елдің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және инфрақұрылым сынды экономика салаларында ынтымақтастығы берік екенін атап өтті.
– Біздің сауда-экономикалық, инвестициялық саладағы, өнеркәсіптік кооперациядағы өзара іс-қимылымыз жылдан жылға ұласып, дамып келеді. Екіжақты тауар айналымы бүгінде 27 млрд долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден келетін тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асып түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы елімізде шетелдік компаниялармен жұмыс істейтін 42 мыңнан астам кәсіпорын бар екенін атап өтті. Соның 19 мыңы – ресейлік компания.