Бірыңғай байланыс орталығында рекорд: бір күнде 120 мың өтініш өңделді

2024 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік Корпорациясы КЕ АҚ-ның Бірыңғай байланыс орталығы 27 миллионнан астам өтініш өңдеді. Күн сайын Бірыңғай байланыс орталығы 1414 нөміріне келіп түскен қоңырауларды, Telegram-дағы EgovKzBot 2.0 чат-боты мен support@goscorp.kz электронды поштасына жолданған хабарламаларды, сондай-ақ «ХҚКО» мобильді қосымшасы арқылы жүргізілген бейнеқоңырауларды қоса алғанда 30 мыңнан 90 мыңға дейін өтініштерді қабылдайды. Жуырда орталықтың 2011 жылдан бастап жұмыс істеген барлық кезеңінен бері ең жоғары көрсеткіш тіркелді – бір күнде 120 мың өтініш қабылданды.
Ең көп қойылатын сұрақтар – ЭЦҚ беру және кері қайтарып алу, салық пен есептік көрсеткіштердің сомасын анықтау, ҚР азаматтарының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін беру.
2024 жылы Бірыңғай байланыс орталығы ЭЦҚ бойынша 1 023 354 өтініш, төлқұжаттарды беру бойынша 367 428 өтініш, жеке куәліктерді беру – 228 693, cалық төлеушілерді тіркеу бойынша 114 082 өтініш, бала туғанға жәрдемақы тағайындау бойынша 81 902 өтініш, бала күтімі бойынша 1,5 жасқа дейінгі әлеуметтік төлемдерге 67 979 өтініш, көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы бойынша 64 544 өтінішке жауап берді.
Еске салайық, Бірыңғай байланыс орталығы 1381 мемлекеттік қызмет бойынша кеңес береді. Қазақстан азаматтары үшін кез келген байланыс операторы арқылы барлық өтініштер тегін қабылданады.