Елімізде коммуналдық тарифтер қымбаттамайды
depositphotos.com
2025 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері қымбаттамайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған шешім мемлекеттік тарифтік саясатты қайта қарау аясында қабылданды және инфляциялық қысымды төмендетуге, халыққа қолдау көрсетуге бағытталған.
Комитеттің хабарлауынша, жыл соңына дейін реттелетін коммуналдық қызметтердің жаңа тарифтері бекітілмейді. Бұған дейін мақұлданған тарифтердің өсу қарқыны да төмендетіледі.
Жаңа тәсілге сәйкес:
-
электр және жылумен қамту тарифтерінің өсуі 35%-дан 20%-ға дейін қысқартылды;
-
сумен жабдықтау, су бұру және газбен қамту тарифтері 50%-дан 30%-ға дейін төмендетілді.
Бұдан бөлек, бұған дейін жоспарланған кейбір түзетулер кейінгі мерзімдерге шегерілмек.
Алғашқы болжам бойынша, тарифтердің көтерілуі инфляцияға 1,32 пайыздық тармақ деңгейінде әсер етуі мүмкін еді. Жаңа түзетулердің нәтижесінде бұл қысым 0,82 пайыздық тармаққа дейін төмендейді. Яғни, бастапқы бағалаудан 0,5 тармаққа аз.
Тарифтерді тежеу мынадай шаралар арқылы мүмкін болды:
-
ұзақмерзімді қаржыландыру көздерін тарту;
-
табиғи монополия субъектілерінің операциялық шығындарын қайта қарау;
-
уақытша өтемдік тарифтерді енгізу;
-
өткен жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу энергиясына қайта есеп жүргізу.
Бұл қадамдар тарифтердің күрт өсуінің алдын алып қана қоймай, қазіргі экономикалық жағдайда коммуналдық инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстанның жаңа тарифтік саясаты коммуналдық қызметтер бағасын біртіндеп өсіруді көздейді. Бұл:
-
инженерлік желілерді жаңғырту;
-
табиғи монополия саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту;
-
жеке инвестиция тарту;
-
энергия ресурстары бағасының өсуіне бейімделу секілді мақсаттарға негізделген.
Алайда тарифтер бірден емес, әлеуметтік теңгерім мен мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтары ескеріле отырып, кезең-кезеңімен өсіріледі. Тарифтерді "уақытша тежеу" – тұтынушылар мен сала үшін "демалыс кезеңі" деуге болады.
Келесі түзету кезеңі елдегі экономикалық жағдайға, инвестиция қажеттілігіне және әлеуметтік тұрақтылыққа байланысты қаралатын болады.