ШҚО-да жарық пен жылу қымбаттауы мүмкін
«Шығысэнерготрейд» ЖШС тұтынушыларды Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментіне шекті тарифті көтеруге өтінім жіберілгені туралы хабардар етті.
Егер ведомствода өтінімге келісім берілсе, жарық үшін төлем 1 ақпаннан бастап өзгереді. «Өскемен жылу желілері» АҚ да өз қызметтерін қымбаттатуға өтінім беруге ниетті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
«Шығысэнерготрейд» сайтында тарифтің көтерілуін негіздейтін себептер келтіріледі. Олардың қатарында электр энергиясын сатып алу мен берудің орташа бағасының, «KEGOC» АҚ-ның өндірісті теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша жүйелік қызметтері төлемінің өсуі, жабдықтау үстемесінің ұлғаюы және басқалар бар.
Электр энергиясына сараланған шекті бағалардың жобасы, яғни Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаментімен келісілген жағдайда, 1 ақпаннан бастап күшіне енетін жаңа тарифтер былайша келтірілген:
-тұрмыстық тұтынушылар үшін тариф (электр энергиясын тауарларды, жұмыстарды өндірумен, сатумен және қызмет көрсетумен байланысты емес, өз тұрмыстық қажеттіліктері үшін пайдаланатын жеке тұлғалар) – 13,948 теңге/кВт сағ;
-басқа тұтынушылар үшін тариф (электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланбайтын тұтынушылар) – 23,954 теңге/кВт сағ;
-бюджеттік ұйымдар үшін тариф – 36,876 теңге/кВт сағ;
-әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін тариф – 21,074 теңге/кВт сағ.
Сонымен қатар биылғы 1 ақпаннан бастап Өскеменде бұрын бекітілген бес жылдық кестеге сәйкес жылу бағасы да өзгеруі мүмкін. Өйткені «Өскемен жылу желілері» АҚ тарифтерді көтеруге өтінім беруді жоспарлап отыр. Бұл көмірдің қымбаттауымен байланысты.
Ал су бағасына тоқталатын болсақ, «Өскемен Су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жақын арада сумен жабдықтау және су бұру тарифтері өзгермейтіндігін хабарлады. Сумен қамту қызметтерінің бағасын өзгерту тек биылғы 1 шілдеден бастап қарастырылған.