KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
511 602.72 6.49

ШҚО-дағы түзеу мекемесінде кәсіпкерлік дамып келеді

depositphotos.com

12.07.2025, 12:00 211 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстандағы №16 түзеу мекемесінде сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне бағытталған тың жобалар жүзеге асуда. Өндірістік аймақта орналасқан бұл мекемеде қазіргі кезде 7 жеке кәсіпкер мен 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда сотталған азаматтар еңбекке тартылып, жалақы алып, сол арқылы мемлекет алдындағы қарыздарын өтеп, отбасыларына қолдау көрсетіп келеді. Бұл оларды ынталандырып, болашақта қоғамға бейімделуіне үлкен көмек болмақ.

Былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен мекемеде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бірі – жеке кәсіпкер А. Кирюхов әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін иеленді. Ал осы жылғы наурызда бұл мәртебеге «Бизнес Вира» ЖШС ие болды. Бұл мәртебе – жай ғана атақ емес, ол кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан берілетін нақты қолдаулардың кілті. Мысалы, 5 миллион теңгеге дейінгі гранттарға қатысу мүмкіндігі, қаржылық және мүліктік қолдау түрлері қарастырылған.

Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алу жүйелі жұмыс пен нақты құжаттарды талап етеді. Осы орайда сотталғандарды еңбекке тарту бөлімі қажетті құжаттарды толық жинап, «Бизнес Вира» облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы комиссиясының шешімімен әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енгізілді.

«Бизнес Вира» ЖШС – тапсырыспен металл конструкциялар жасап шығаратын өндіріс орны. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында 50 сотталған азамат еңбек етуде, оның ішінде тек маусым айының өзінде қосымша 15 адам жұмысқа алынған. Жалақылары ай сайын тұрақты төленіп тұрады.
Әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін алғаннан кейін мекеме басшылығы мен кәсіпкерлер сотталғандарды еңбекпен қамту бағытын одан әрі кеңейтуге ниетті. Бұл тек өндірістік көрсеткіштерге ғана емес, сонымен қатар қоғамға бейімдеу ісіне де оң әсерін тигізуде.

И. Кучербаева,
№16 түзеу мекемесі сотталғандарды еңбекке тарту бөлімінің бастығы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу