KZ
Өскемен
-29°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
518.39 603.09 6.68

ШҚО-да Абайдың 180 жылдығына арналған ауқымды мәдени шаралар өтіп жатыр

31.07.2025, 16:12 1 031 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында Абайдың 180 жылдығына орай кең көлемді мәдени іс-шаралар өткізілуде. Жыл басынан бері ақын мұрасын дәріптеуге бағытталған 100-ден астам түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл туралы ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.

8 тамызда өзге ұлт өкілдері жастары арасында «Абай оқулары–2025» атты облыстық байқау өтеді. Бұл шара Абай шығармашылығын насихаттаумен қатар, ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейді.

9 тамыз күні сағат 10:00-де Өскемен қаласындағы Сол жағалау этносаябағында «Абай мұрасы – мәңгілік мұра» атты кең көлемді мәдени кешен ұйымдастырылады. Іс-шара аясында өңірдің мәдени мекемелері ақынның рухани мұрасын жаңаша қырынан ұсынбақ.

Шығыс Қазақстан өнер музейі «Абай әлемі»көрмесін, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана «Абай мұрасы — ұлтымыздың рухани қазынасы» атты 100 кітаптан тұратын көрмесін өткізеді. Драма және оперетта театры Абай өмірінен көріністерді сахналайды.

Сәулет-этнографиялық музей-қорығы Абайдың үй-музейіне экскурсиялар, ұлттық тағамдар дастарханы, араб қарпімен каллиграфия, қолөнер көрмесін ұйымдастырады. Ал зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана арнайы киіз үйде Брайль қарпімен кітаптар, цифрлық мұра мен қолжетімді технологияларды ұсынады.

ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасы интерактивті ойындар, фотозона, мультимедиалық көрме, инста-квест пен иммерсивті серуен ұйымдастырып, ұлттық ойындарды да өткізеді. ШҚО филармониясы мен ақындар Абай сөзіне жазылған туындылармен концерттік бағдарлама ұсынады.

10 тамыз күні сағат 10:00-де Өскемен қаласы мен барлық қала-аудандарда Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

Сонымен қатар 1-10 тамыз аралығында Абай облысындағы Қарауыл елді мекенінде республикалық «Абай мұрасы» этнофестивалі ұйымдастырылады. Шараға ШҚО-дан 25 адамнан тұратын делегация қатысады. Бағдарламада «Абай әлемі» және «Ұлы дала алтыны» көрмелері, «Желсіз түнде жарық ай» концерті, сондай-ақ «Жеті қазына» жобасы аясындағы ұлттық байқаулар жоспарланған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу