Абай – 180: Ақынның Өскемендегі ескерткіші жаңартылып жатыр
Өскемен қаласындағы Республика алаңында орналасқан Абайдың ескерткішін жөндеу-реставрациялау жұмыстары басталды. Бұл монумент – жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра және өңірдің мәдени өмірінде маңызды орын алады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Абай ескерткіші 2009 жылғы 29 тамызда салтанатты түрде ашылған. Авторлары – отандық мүсіншілер Ескен Серкебаев пен Бақытжан Әбішев. Мүсін Суретшілер одағының Қарағанды филиалында дайындалған.
Реставрациялық жұмыстар Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы аясында жүргізілуде. Жоба облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып отыр. Мақсат – мәдени мұра нысанын сақтау, тиісті күйде ұстау, мерейтойлық шараларды лайықты деңгейде өткізуге жағдай жасау және жұртшылықтың Абай мұрасына деген назарын арттыру.
Жөндеу жұмыстарын ұйымдастырушы – Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекемесі» КММ. Жұмысты атқаратын мердігер – тарихи және мәдени ескерткіштерді реставрациялауға лицензиясы бар «AGM Service» ЖШС.
Барлық жұмыстар 30 шілдеге дейін аяқталады.

