Саясат Нұрбек: ҰБТ жүйесі үлкен өзгерістерге ұшырайды
Шығыс Қазақстан облысының халқымен кездескен ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек алдағы жылдары білім саласында енгізілетін маңызды жаңалықтармен бөлісті. Ол грант бағасының көтерілуі, жоғары білім беру жүйесін қайта жүктеу, ғылымды дамыту және жасанды интеллект сияқты заманауи технологияларға басымдық беру сынды жоспарларды атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Министрдің айтуынша, Қазақстан интернационалдану бағытын ұстануда: әрбір аймақта шетелдік жоғары оқу орнының серіктесі пайда болмақ. Қазірдің өзінде бірқатар өңірде шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Бұл өз кезегінде жастардың Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларға ағылуын азайтуға мүмкіндік береді.
Саясат Нұрбек атап өткендей, енді ҰБТ тапсыру тәртібі де кезең-кезеңімен өзгереді.
«Біз децентрализацияланған жаңа тестілеу форматына көшеміз. Бұл – үлкен реформа. Әзірге бірден емес, асықпай, басқа елдердің үлгісіне қарап, біртіндеп енгіземіз. Болашақта талапкер тестті өзі үшін ыңғайлы уақытта, арнайы сертификатталған орталықта тапсырып, нәтижесінде алған сертификатымен қалаған университетіне оқуға түсе алады. Қанша рет тапсырамын десе де, өз еркі. Бұл жүйе әлемдегі жетекші университеттердің жұмыс істеу тәртібіне сай», – деді министр.
Министрдің айтуынша, бұл реформаның қажеттілігі артып отыр. Себебі Қазақстанда қазіргі таңда 40 шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылған және олардың барлығы осындай икемді модельмен жұмыс істейді.
ҰБТ мазмұны да өзгереді. Енді оқушылар тек сұрақтарды жаттап қана қоймай, логикалық ойлау, сыни көзқарас пен нақты пән бойынша жүйелі білімін көрсетуі керек. Осы мақсатта 300-ден астам кәсіби тестологтар жұмысқа тартылады.
Кездесу соңында Саясат Нұрбек азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, жеке қабылдау өткізді.
Елизавета Седых
Фото: Жібек Нұрахмет




