Үлкен Нарында аудан күні мен Жаңа жылға арналған мерекелік іс-шаралар өтеді
Желтоқсан айының соңында Үлкен Нарында аудан күні мен Жаңа жыл мерекесіне орай мәдени-көпшілік іс-шаралар легі ұйымдастырылады. Мерекелік бағдарлама аудан тұрғындары мен қонақтарына салтанатты, зияткерлік және ойын-сауық бағытындағы мазмұнды шараларды ұсынады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Мерекелік іс-шаралар 27 желтоқсан күні Орталық алаңда өтетін жаңа жылдық шыршаны жағу салтанатымен басталады. Шара сағат 17:00-де өтеді. Сол күні сағат 18:00-де аудандық Мәдениет үйінде «Qazaqsha quiz» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
28 желтоқсан күні сағат 12:00-де аудандық Мәдениет үйінде аудан күніне арналған мерекелік концерт өтеді. «Өркендей бер, Үлкен Нарын!» атауымен өтетін концерттік бағдарламаға арнайы шақырылған өнер жұлдыздары қатысып, бұл кеш мерекелік іс-шаралардың басты мәдени оқиғасына айналмақ.
30–31 желтоқсан күндері сағат 12:00-ден бастап аудан тұрғындары үшін жаңа жылдық мультфильмдер мен көркем фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылады. Бұл шаралар балалар мен ересектерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды мақсат етеді.
Ал 1 қаңтар күні сағат 00:30-да тұрғындар мен қонақтар «Төрлет, Нарыныма, Жаңа жыл!» атты мәдени-көпшілік іс-шараға шақырылады.
Ұйымдастырушылар барша аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекелік іс-шараларға белсене қатысып, келе жатқан Жаңа жылдың қуанышын бірге бөлісуге шақырады.