Қалаға жаңа келбет: Назарбаев даңғылы бойындағы көпқабатты үйлер қайта жөнделді - ШҚО
Өскемен қаласында тұрғын үй қоры кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Жазғы маусымда Назарбаев даңғылының Виноградов көшесі мен 30-шы Гвардиялық дивизия көшесі арасындағы кварталда орналасқан 14 көпқабатты үй қайта жаңғыртудан өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қала әкімдігінің мәліметінше, атқарылған жұмыстардың басты мақсаты – Өскеменнің тарихи бөлігінің сәулеттік келбетін сақтай отырып, тұрғын үйлердің сапасын арттыру. Осы ретте тек қасбеттер ғана емес, маңызды техникалық мәселелер де шешілді. Атап айтқанда, су ағызу жүйелері қалпына келтірілді, қасбеттерге жылу оқшаулау жасалды, цоколь бөлігі нығайтылды және шатырдың жекелеген элементтері жөнделді.
Нәтижесінде Назарбаев даңғылы бойы жаңаша, ұқыпты кейіпке енді. Жергілікті тұрғындар да өзгерістерді оң қабылдап отыр. Олардың айтуынша, мұндай жұмыстар қаланың жалпы көрінісін жақсартып қана қоймай, тұрғын үйлердің пайдалану мерзімін ұзартады әрі жайлылығын арттырады.
Бұл бастама – Өскемендегі тұрғын үй қорын жаңарту жөніндегі кешенді жобалардың бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта да қаладағы басқа аудандарда да осындай жөндеу жұмыстары жалғасын табады.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жоспарланған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, шаһардың көркін айшықтай түседі. Осылайша, сүйікті қаламыз Өскемен біртіндеп түрленіп, тұрғындар үшін жайлы әрі заманауи орталыққа айналмақ.