Қазақстанның оңтүстігінде 5,9 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді
ҚР ТЖМ Сейсмологиялық зерттеу институтының ақпаратына сәйкес, бүгін түнде елдің оңтүстік өңірінде жер сілкінісі тіркелді. Кей аумақтарда дүмпу күші 4 баллға жеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Министрліктің мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматы қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 465 шақырым жерде орналасқан. Тереңдігі – 10 шақырым, магнитудасы – 5,9.
Сезілу күші Жамбыл облысының бірнеше елді мекендерінде 4 баллға дейін жеткен. Тараз, Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер және Аса ауылдарында жер дүмпуі айқын байқалған. Түркістан облысының Түлкібас, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандарында және Шымкент қаласында – 3 балл шамасында сезілген.
ҚР ТЖМ дерегінше, қираулар мен зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелген жоқ. Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жедел штабтар құрылып, вице-министр Батырбек Әбдішевтің төрағалығымен бейнеконференц-байланыс өткізілді.