Мұзтауды тамашалайтын көрініс алаңы салынып жатыр – Рахман қайнарына баратын жол жаңартылуда
Шығыс Қазақстан облысында әйгілі Рахман қайнарына апаратын жолда туристер үшін Мұзтау шыңын тамашалауға арналған арнайы көрініс алаңы мен кең автотұрақ салынып жатыр. Табиғи көрінісімен ерекшеленетін бұл бағытта жол сапасын жақсарту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Бұған дейін бұл учаскеде асфальт мүлде болмаған, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ұзындығы 13 шақырым болатын жол бөлігінде көптен күткен жөндеу жұмыстары басталған. Бұл жөнінде «ЗАЙСАН құрылыс компаниясы» ЖШС құрылтайшысы Нұрасыл Болатбек айтып берді:
Жөндеу жұмыстары ерекше табиғи аумақта – Ұлттық парк аумағында орналасқандықтан, бұл жерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат жоқ. Тау жыныстары тек экскаватордың көмегімен ұсақталып, сол материал жолға төселуде. Бұл әдіс жұмысты күрделендірсе де, табиғи ортаға зиян келтірмеу үшін қолданылып отыр. Құрылысшылар жұмыстарды қыс мезгілінде де жалғастыруды жоспарлауда.
Мердігердің айтуынша, жол бойында туристер жиі тоқтайтын екі орын бар. Соның бірі – жергілікті тұрғындар «Арбат» деп атайтын аумақ, екіншісі – Мұзтауды тамашалауға болатын көрікті нүкте.
Нұрасыл Болатбек аймақтың климаттық ерекшеліктерін де атап өтті. Мұнда жаз небәрі екі айға ғана созылады, әрі жиі жаңбыр жауады. Осы себепті келесі жылы асфальт төсеу кезінде қиындықтар туындауы мүмкін.
Жолды уақытша жабу туралы нақты шешім әзірге қабылданбағанымен, жұмыстардың қауіпсіз әрі уақытында аяқталуы үшін бұл шара қажет екені айтылды.
Наргиза Еркінбекова
Жайна Сыранова
Фото: Махаббат Ахметжанова















