KZ
Өскемен
-10°
туман жел 3 м/с, Ю
503.35 590.63 6.62

Асыл тұқымды мал – шаруашылық тірегі

23.10.2025, 12:30 201 Базарова Айгүл

Ауыл тіршілігінің жүрегі – еңбек. Бұл сөз Тарбағатай жұрты үшін жат емес. Өйткені мұнда ауыл шаруашылығы – жай кәсіптен өмір салтына айналғалы қашан. Соңғы жылдары ауданның аграрлық саласы айтарлықтай серпін алып, әсіресе мал шаруашылығы мен егіншілік бағытында тұрақты өсім байқалып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Мұқатовтың айтуынша, бүгінде барлық шаруашылық санаттарында 88 мыңнан астам ірі қара, 147 мыңнан астам қой мен ешкі, 31 мыңнан аса жылқы өсірілуде. Бұл – аудан экономикасының тірегі, ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзі.

– Мал шаруашылығы – біздің аудан үшін басты бағыттың бірі. Әсіресе асыл тұқымды мал басын көбейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Себебі сапалы тұқым – өнім сапасының да, шаруаның табысының да кепілі, – дейді бөлім басшысы.

Қазір Тарбағатайда 52 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Қазақтың ақбас және ангус тұқымдары ауданда жақсы жерсініп, табысты көбейтіп отыр. 2024 жылы мұндай шаруашылықтар саны 26 ғана болса, биыл олардың қатары екі есеге артқан. Асыл тұқымды ірі қараның жалпы саны 11 мыңнан аса басқа жеткен. Ал асыл тұқымды қой шаруашылығымен 21 шаруа қожалығы айналысып, олардың қолында 25 мыңға жуық қой бар.

Бұл көрсеткіштер – кездейсоқ нәтиже емес. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелер шаруалардың белсенділігін арттырды. Осы бағдарлама арқылы мал бордақылау алаңдары кеңейіп, кооперативтер құрылып жатыр. 

– Біздің мақсат – ауылдағы әр отбасының табысын арттыру, сонымен бірге өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту. Сол үшін мемлекет ұсынған барлық құралды тиімді пайдалану маңызды, – дейді Мейрамбек Асылбекұлы.

Бүгінде аудан көлемінде ауыл шаруашылығы кооперативтері бұл бағытқа ерекше қызығушылық танытып отыр. Қолданыстағы кооперативтермен қатар, Қарасу ауылдық округінде жаңа кооператив құру бастамасы қолға алынды. Бұл – ауыл азаматтарының өзара бірігіп, ортақ мақсатқа жұмылуының белгісі. Кооперация – болашақтың тиімді тетігі. Себебі біріккен шаруалар техника мен инфрақұрылымды ортақ пайдаланып, өнімдерін тиімді нарыққа шығара алады.

Аудан шаруалары үшін асыл тұқымды мал өсіру – басым мақсат әрі үлкен жауапкершілік. Бұл бағытта тәжірибелі мамандардың кеңесі, ветеринариялық қызметтің тұрақты бақылауы, жем-шөп базасын нығайту сияқты жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті билік тарапынан да қолдау бар: жем-шөп дайындау науқаны, су көздерін пайдалану, мал басының сақтандырылуы тұрақты бақылауда.

Бөлім басшысының айтуынша, аудан шаруаларының ынтасы мен еңбегі арқасында соңғы жылдары мал өнімдерінің сапасы айтарлықтай артқан. Ет бағытындағы мал бордақылау алаңдары, сүт фермалары мен жүн өңдеу кооперативтері ауыл экономикасына тың серпін беріп отыр.

«Әрбір шаруаның табысты болуы – ауданның да табысы. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпаймыз, қолда бар мүмкіндікті барынша кәдеге жаратамыз», – дейді ол.

Мал шаруашылығының өркендеуімен бірге егіншілік саласы да назардан тыс емес. Соңғы жылдары ауыл диқандары сапалы тұқым егіп, жаңа технологияны қолдануға көшіп келеді. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.

Бүгінгі таңда Тарбағатай ауданы – ауыл шаруашылығының әлеуеті жоғары өңір. Мұнда жердің әр гектары, малдың әр басы – халықтың несібесіне айналып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар мен шаруалардың қажырлы еңбегі қатар жүрген жерде нәтиже де тұрақты болады.

Ауыл тірлігі – қиын, бірақ қадірлі іс. Ал сол еңбектің төрінде жүрген шаруалар – елдің нағыз тірегі болып отырғаны анық.


Инабат Қайса 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу