12 тауарлы-сүт фермасы өніммен қамтып отыр – Шемонаиха
Фото: Шартты сурет
Шемонаиха ауданы былтыр ауылшаруашылық саласы бойынша 60 млрд теңге сомасында өнім шығарды. Ауданда мал шаруашылығы, оның ішінде тауарлы-сүт фермасы, етті мал шаруашылығы жақсы нәтиже көрсеткен.
Өткен жыл бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 15 млрд теңгені құраған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Аудан әкімінің сөзінше, шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара малдың саны – 25 мыңнан астам. Атап айтқанда, 10 мыңнан астам сиыр, 13 мыңнан астам қой мен ешкі, 11 мыңнан астам шошқа, 3 мыңнан астам жылқы және 76 мыңнан астам құс бар. Малдың барлық түрі бойынша оң динамика тіркелген. Былтыр 49 мың тонна сүт, 5 мың тонна ет өндірілген.
Сүт өндірумен барлығы 12 тауарлы-сүт фермасы айналысады, 5 сүт қабылдау пункті бар.
Сонымен қатар етті мал шаруашылығын дамыту үшін 77 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры сатып алынды.