ШҚО шаруалары ірі қараның герефорд пен абердин-ангус тұқымын өсіріп жатыр
Бүгінгі таңда өңірде жабы тұқымдас қазақтың жылқысын, қазақтың ақбас сиыры мен герефорд, ангус тұқымды ірі қараларды, сондай-ақ қазақы қылшық жүнді және байыс қойларын өсіру қарқыны жақсы. Ал түйе өндірістік көлемде өсірілмегенімен қазақы түйе тұқымы кейбір аудандарда кең таралған.
– Облыс ауқымды болғандықтан етті де, сүтті де мал шаруашылығы жақсы дамыған, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владимир Гайламазян. – Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха, Алтай, Бесқарағай және Көкпекті аудандары негізінен сүт бағытын көбірек дамытса, басқа аудандар етті мал шаруашылығына баса назар аударған. Өңірде 12 асыл тұқымды репродуктор бар. Сонымен қатар Елім-ай Көкпекті, Алғабас және Ықыбай шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқаларды сатып алып, оларды әрі қарай тауарлы шаруашылықтарға жалға беріп, асылдандыру жұмыстарын жүргізіп жүр.
Оның айтуынша, Семейдегі «Агрофирма Приречное», Жармадағы «Племзавод Шалабай», «Племзавод Қалбатау», Көкпектідегі «Қалмұхжолахмет», Ұландағы «Багратион-2», «Сағынқұмаров» шаруашылықтары қазақтың ақбас сиырларын, ал катонқарағайлық «Мусабалин» және көкпектілік «Елім-ай Көкпекті» шаруашылықтары герефорд пен абердин-ангус тұқымды ірі қара түрлерін өсіріп жатқан көрінеді.