Самар ауданы ауылдарында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды
Самар ауданына қарасты Миролюбовка ауылында тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Елді мекенде ұзындығы үш шақырым болатын жол аумағында заманауи көше жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақ төселді. Бұл шаралар түнгі уақытта ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сонымен бірге ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жалғасып жатыр. Медициналық нысан пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетілмек. Нысанды іске қосу осы жылдың желтоқсан айына жоспарланған.
Айта кетсек, бұған дейін аудан әкімі Серік Жеңісов Миролюбовка ауылының тұрғындарымен кездесіп, елді мекеннің өзекті мәселелері мен даму бағыттарын талқылаған еді. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары көтерген мәселелер аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.



