Жолдау аясындағы жаңғырулар
Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2024 жылға жоспарланған 19 медициналық нысанның құрылыс және жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл жұмыстар аясында Глубокое ауданының Прапорщиково ауылында дәрігерлік амбулатория және Тарбағатай ауданының Асусай ауылында медициналық пункт ашылып, пайдалануға беріліп үлгерді. Алдағы аптада Жамбыл және Байтоғас ауылдарында да медициналық пункттері де ашылмақ.
Тарбағатай ауданының Асусай ауылында іске қосылған жаңа медициналық пункт 259 тұрғыны бар ауылда сапалы медициналық қызмет алу мүмкіндігін беретін нысан. Бұрынғы жалғыз емдеу мекемесі ескі ғимаратта орналасқандықтан, ауыл тұрғындары қажетті ем алу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр еді. Ал жаңа ашылған медициналық пункт барлық қажетті құрал-жабдықтармен және инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсартып қана қоймай, профилактикалық жұмыстар мен скринингтік тексерулер өткізуге де мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін жоспарланған 14 нысанның 13-і қолданысқа берілмек. Ал 1 нысан 2025 жылға өтпелі жоба болып отыр. Ағымдағы жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Елімізде Президент Жолдауы аясында инфрақұрылымды жаңғырту мен өңірлерді дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар халыққа сапалы қызмет көрсету, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуды мақсат етеді. Әсіресе ауылдық аймақтарда бұл бағыттағы бастамалар маңызды рөл атқарып отыр. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, коммуналдық желілерді жаңарту, көлік-логистикалық әлеуетті нығайту және жаңа өндірістік кәсіпорындар ашуға бағытталған шаралар легі ел тұрғындары мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер туғызуда.
Мемлекеттік бағдарламаларпдың басты мақсаты өңірлерде сапалы өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Мәселен, 2023-2024 жылдарға арналған пилоттық жоба шеңберінде жалпы 36 медициналық мекеме салу жоспарланған. Оның ішінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт қарастырылған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы бірқатар ауылдық елді мекенде 17 медициналық пункт пайдалануға берілді. Бұл ауылдардың қатарында Тарбағатай ауданының - Ақмектеп, Шолақорда, Ахметбұлақ, Қазақстан, Шорға, Жаңаталап ауылдары бар. Сондай-ақ, Шемонаиха ауданының - Межовка, Күршім ауданының - Аманат, Ұранхай, Жолнұсқау, Маралды, Ақжайлау ауылдары, Ұлан ауданының - Сарыөзек, Желдіөзек, Отрадное, Макеевка, Казачье ауылдарына да жаңа медициналық мекемелер ашылды.
Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары ел азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, олардың денсаулығын қорғауға және экономикалық дамуды нығайтуға бағытталған. Қазақстанның әр өңірінде, әсіресе ауылдық аймақтарда сапалы инфрақұрылым қалыптастыру, жолдардың жаңартылуы және медициналық қызметтердің қолжетімділігі халықтың тұрмыс сапасын арттыруда ерекше маңызға ие.
Жансая Саянқызы