Риддерде жаңа Салық кодексіне арналған семинар өтті
Риддер қаласында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі өзгерістеріне арналған ауқымды семинар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Іс-шара Риддер аграрлық-техникалық колледжінің алаңында ұйымдастырылып, жергілікті бизнес-қоғамдастық пен жұртшылық өкілдерін біріктірді.
Семинар барысында қатысушыларға корпоративтік табыс салығы мен аванстық төлемдерді төлеу тәртібіндегі жаңа ережелер таныстырылды. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласындағы салық салу тетіктеріне енгізілген өзгерістер түсіндірілді.
ҚҚС бойынша есепке қою мен артық төленген соманы қайтару тәртібі, жеке табыс салығы, әлеуметтік және мүлік салығы салаларындағы жаңалықтар егжей-тегжейлі баяндалды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерінің айтуынша, жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған. Соның нәтижесінде салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, жеңілдіктер оңтайландырылады, ал салық берешегін өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдейді.
Арнайы салық режимдерінің саны жетіден үшке дейін қысқартылды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеңілдетілген декларация негізінде және шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік салық шегерімі 882 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін артты. Бұл әлеуметтік осал топтар үшін елеулі қолдау болмақ.
Шара соңында қатысушылар семинардың жаңа заңнама талаптарына алдын ала бейімделуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ашық диалог барысында барлық сұрақтарға нақты жауаптар берілді.


