KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 4 м/с, ОШ
522.19 606.42 6.47

ШҚО тарихи-өлкетану музейінде Міржақып Дулатұлына арналған көрме ашылды

4.11.2025, 15:00 146

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, жазушы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған «Алаш арысы – Міржақып» атты тақырыптық көрме ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Көрменің мақсаты – қазақ халқының азаттығы мен рухани жаңғыруы жолында күрескен тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау, ұлт тарихындағы айрықша орнын жұртшылыққа кеңінен таныту.

Экспозицияда Міржақып Дулатұлының өмір жолы мен қоғамдық қызметін бейнелейтін мол материалдар қойылған. Келушілер жазушының туған жері мен балалық шағынан бастап, ұстаздық және ағартушылық кезеңіне дейінгі деректермен таныса алады. Сонымен қатар оның қазақ әдебиеті мен баспасөзіндегі қызметі жан-жақты қамтылған.

– Көрменің ең құнды жәдігерлерінің бірі – 1909 жылы жарық көрген әйгілі «Оян, қазақ!» кітабы мен 1910 жылы басылған «Бақытсыз Жамал» романының алғашқы басылымдарының көшірмелері. Сондай-ақ, сол кезеңдегі мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларының нұсқалары мен иллюстрациялық материалдар ұсынылған, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Альфия Бақбаева.

Көрмеде Міржақыптың Алаш партиясының мүшесі әрі Алаш Орда үкіметінің белсенді қайраткері ретіндегі қызметі де кеңінен көрініс тапқан. Экспозицияда оның Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды серіктерімен бірге ел тәуелсіздігі жолында атқарған еңбегі мен тарихи қызметі жөнінде тың мәліметтер берілген.

Міржақыптың күреске толы өмірі, қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыры және 1935 жылы Соловецк лагерінде қаза тапқаны жөніндегі архивтік деректер де ерекше орын алған. Сонымен қатар жазушының жалғыз қызы Гүлнәр Міржақыпқызының естеліктері мен зерттеу еңбектері көрменің мазмұнын толықтыра түседі.

Фотосуреттер мен архивтік көшірмелер арқылы дайындалған көрме материалдары Міржақып Дулатұлының күрескерлік болмысын, ұлт тағдырына деген жанашырлығын, ағартушылық және шығармашылық мұрасын тереңінен танытады.



Ержан Әбіш 

Фото: ШҚО тарихи-өлкетану музейі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу