KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да «Жетісулық алаш қайраткерлері» атты жылжымалы көрме ашылды (Видео)

6.11.2024, 15:15 237 Айжанат Бақытқызы

Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жетісулық алаш қайраткерлері» атты жылжымалы көрме ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жетісу жері - көптеген ұлы ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің, өнер майталмандарының және елі мен жері үшін күрескен даңқты батырлардың кіндік қаны тамған киелі мекен.

Көрме Жетісудан шыққан әйгілі тұлғалар: II Мемлекеттік Думаның депутаты, Алаш Орда үкіметі төрағасының орынбасары, қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұхамеджан Тынышбайұлының 145 жылдығына, ақындықтың Құлагері атанған, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, ақын, драматург Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына және тіл жанашыры, ағартушы, шығыстанушы, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы құқықтық құжатын жасаған Барлыбек Сырттанұлының 158 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Көшпелі көрмені Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен І.Жансүгіров әдеби музейінің өкілдері ұйымдастырған.

Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Қалқаман Абдрахманұлының айтуынша, көрмеде Мұхамеджан Тынышбайұлы, Ілияс Жансүгіров, Барлыбек Сырттанұлы және Базарбай Мәметовке қатысты құжаттар мен фотосуреттер, олардың отбасылары тұтынған жеке заттар қойылған.

Көрме материалдарының ішінде Мұхамеджан Тынышбайұлының «Қазақ халқының тарихы» кітабы, Верный қаласындағы ерлер гимназиясы мен Император Александр I атындағы Петербург мемлекеттік университетін үздік бітіргендігі туралы құжат, қайтыс болғаны туралы куәлігі, Ілияс Жансүгіровтің плащы мен жейдесі, төлқұжаты, қолданған сия сауыты, ақынның баспа машинкасы, түрмеде түсірілген соңғы фотосуреті, шығармаларының қолжазбасы сынды музей қорынан алынған құнды жәдігерлер бар.

Көрмедегі жүзге жуық экспонат Алаш зиялыларының өнегелі өмірі мен еңбек жолы, қайраткерлігі туралы тағылымды мағлұмат береді.

Көрме 6-7 қараша күндері өтеді.

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің мекенжайы: Өскемен қаласы, Қ. Қайсенов көшесі, 40.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу