Жүзу мектеп бағдарламасына енгізіледі: пилоттық жоба 2026 жылы басталады
Елімізде бұқаралық спортты дамыту және балалардың су қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру мақсатында жаңа бастама жүзеге асырылмақ. Үкімет отырысында Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мектеп бағдарламасына жүзу сабағын енгізу туралы айтты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірленіп жатқан бағдарлама аясында 2026 жылдан бастап Астана мен Алматы қалаларында пилоттық жоба іске қосылады. Кейін бұл тәжірибе елдің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізілмек.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бағдарламаның әдістемелік және инфрақұрылымдық негізі әзірленіп жатыр. Сабақтарды өткізу үшін мектептер мен бассейндер базасын пайдалану мәселесі қарастырылуда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 360-тан астам бассейн бар, олардың 35-і олимпиадалық стандарттағы 50 метрлік нысандар. Су спорты жүйесінде 135 мыңнан астам адам жаттығады, оларға 900-ден астам білікті жаттықтырушы сабақ береді.
Мамандардың пікірінше, жүзуді үйрету тек спортты дамытуға емес, сонымен қатар балалардың өмір қауіпсіздігіне де оң әсер етеді. Әр баланың судағы өзін-өзі ұстау дағдысын меңгеруі — жазғы демалыс кезеңінде қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін маңызды қадам.