KZ
Өскемен
-1°
снег жел 3 м/с, ОШ
514.74 599.36 6.71

Балабақшаларда «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы басталды

23.10.2025, 10:00 183 Ержан Әбіш

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын жаңарту аясында 2025–2026 оқу жылында «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы іске қосылуда. Бұл жоба республика бойынша 100 мектепке дейінгі ұйымды қамтиды, оның ішінде 62 мемлекеттік және 38 жекеменшік балабақша бар. Бағдарлама негізінен 4–5 жас аралығындағы балаларға арналған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаның негізгі мақсаты – балаларды еңбекке баулу, олардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыру. Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызды бағыттарының бірі – еңбек пен әртүрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды үйрету болып табылады.

Жоба мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай әзірленген. Балалар күнделікті ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы әртүрлі кәсіп түрлерімен танысады, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді.

Пилоттық жобаның нәтижесінде балалардың еңбекке деген қызығушылығы артады, ұжымдық жұмыс пен командалық ынтымақтастық қабілеті дамиды, сондай-ақ болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы жасалады.

Бұл бастама мектепке дейінгі тәрбие жүйесінде балалардың жан-жақты дамуына, олардың жеке қасиеттерін қалыптастыруға және еңбек мәдениетін бойына сіңіруге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу