Болашақ технологияларына – мектеп қабырғасынан бастап
Шығыс Қазақстан облысы – мектеп оқушыларын жасанды интеллект негіздеріне оқытуды бастаған еліміздегі алғашқы өңірлердің бірі. Бүгінде өңіріміздің жеті мектебінде жасанды интеллектке және ойын жасауға үйретуге бағытталған пилоттық жоба іске асырылуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының ақпараты бойынша, 2025 жылдың басынан бері 10-сыныптың 319 оқушысы осы заманауи курстарға қатысуда. Олардың 143-і – жасанды интеллект бағыты бойынша, ал 176-сы – компьютерлік ойын әзірлеудің қыр-сырын меңгеруде.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске қосылған edu.astanahub.com онлайн-платформасы негізінде жүзеге асуда. Аталған платформа халықаралық «Astana Hub» технопаркімен бірлесіп әзірленген және еліміз бойынша оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар елімізде алғаш рет мұғалімдерді жаңа бағыттар бойынша жаппай даярлау қолға алынды. Облыста 300 педагог «Жасанды интеллект» және «Ойын әзірлеу» бағыттары бойынша онлайн курстан өтіп, жыл басына бері өз мектептерінде сабақ беруді бастады.
Жаңа пәндер мектептердің оқу жоспарына ресми түрде енгізіліп, оқу бағдарламасына «Жасанды интеллект және үлкен деректерге кіріспе», «Ойын әзірлеу негіздері» атты пәндер қосылды. Бұл – жобаның уақытша бастама емес, жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.
Жаңа курстардың тағы бір ерекшелігі – олардың пәнаралық сипаты. Бағдарламада бағдарламалау негіздерімен қатар, цифрлық дизайн, анимация, қолданушы психологиясы, жобаларды басқару және кәсіпкерлік негіздері қамтылған. Мұндай кешенді тәсіл оқушылардың тек техникалық білім алуымен шектелмей, сыни және шығармашылық ойлауын, сондай-ақ топпен жұмыс істеу қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.
Бұл бастама – еліміздегі орта білім жүйесінде цифрлық трансформацияның нақты іске асып жатқанын айқын көрсететін алғашқы ауқымды жобалардың бірі. Егер пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, ол еліміздің басқа өңірлерінде де енгізіліп, жаңа буын ІТ-мамандарын мектеп қабырғасынан даярлауға жол ашады.
Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл жоба IT саласына қызығушылығы артып келе жатқан жастарды қолдап, өңірлік цифрлық білім беру экожүйесін қалыптастырудың берік негізі бола алады.
Дамир Омаров

