Хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы – Азия чемпионатының қола жүлдегері
Ағымдағы жылдың 5-8 қараша аралығында Өскеменде жалауын көтерген хоккейден әйелдер арасындағы Азия чемпионаты бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Altainews тілшісі.
Турнир Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) аясында Қазақстан хоккей федерациясы, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі және «Торпедо» хоккей клубының ұйымдастыруымен жалауын көтерді. Бұл елімізде соңғы тоғыз жыл ішінде өткізіліп жатқан алғашқы халықаралық әйелдер турнирі болды.
Чемпиондық атақ үшін Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея құрамалары сынға түсті. Ойындар үш күн бойы Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтіп, барлық жанкүйерлер тегін тамашалауға мүмкіндік алды.
Сонымен турнир қорытындысында бабы мен бағы келіскен Жапон қыздары төрттікте үздік шықса, Қытай командасы екінші орынға тұрақтады. Ал шешуші сәтте ұтылып жатып, Оңтүстік Корея қыздарын сан соқтырған жерлестеріміз қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Біздің команда кездесудің алғашқы минутында-ақ есеп ашты. Алайда, қарсыластар көп ұзамай таразы басын теңестірді. Екінші кезеңде шайбалар соғылған жоқ. Үшінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті 3:1-ге жеткізді.
Жүлдегерлерді Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) аясында Қазақстан хоккей федерациясы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері марапаттады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қытайда өткен алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы да қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Ал биыл ақпан айында өткен Азия ойындарында қазақстандық хоккейшілер Қытай мен Корея құрамаларын жеңіп, күміс медальға ие болды.
Ал алтын жүлде бұл жолы да Жапония құрамасының қоржынында кетті. Жасыратыны жоқ, жапондық хоккейшілер Азиядағы ең мықты команда саналады. Бұған дейін өткен олимпиадалық іріктеу турнирінде топ жарып, 2026 жылы Миланда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған да осы күншығыс елінің қыздары.
Ақпар ретінде айтсақ, IIHF әйелдер рейтингінде Жапония – 7, Қытай – 12, Корея – 18, ал Қазақстан – 22 орында (2024 жылғы сәуірдегі дерек) келеді.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет














