ШҚО-да жасанды интеллектіні дамытуға арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Цифрлық дәуірді қалыптастыру: жасанды интеллект іс жүзінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жиын педагог, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сания Көбентаеваға арналды. Ол педагогикалық білім беруді дамытуға, университеттегі цифрлық бағыттардың қалыптасуына айрықша үлес қосқан тәжірибелі ұстаз. Компьютерлік модельдеу және ақпараттық технологиялар кафедрасында ұзақ жыл еңбек еткен маманның кәсіби өтілі 40 жылдан асады. Конференция күні Сания Көбентаева 61 жасқа толып, оның білім беру саласындағы еңбегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапатталды.
Жиынға 90-ға жуық адам офлайн, тағы 120-дан астамы онлайн форматта қатысты. Қатысушылар қатарында техникалық ғылымдардың докторлары мен профессорлар, серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері болды. Олардың ішінде Ресейдің Алтай мемлекеттік университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Түркияның Сакарья университеті және басқа да білім ордалары бар.
Конференция қонақтары AI және «Dana Bala» орталығын, химия кафедрасының зертханаларын, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және компьютерлік модельдеу зертханаларын, сондай-ақ су тазартудың инновациялық технологиялары мен экологиялық энергия көздерін әзірлейтін ғылыми-өндірістік зертхананы аралады. Сондай-ақ, университет жанынан құрылған «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды.
Құрметті қонақтардың бірі – С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің цифрландыру департаменті басшысының орынбасары Бақытгүл Қаленова. Ол кезінде ШҚУ-дың цифрландыру жүйесін қалыптастыруға, автоматтандырылған жүйесін жасауға қатысқан маман.
Жиын аясында С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың «Берел» баспасы жүз ғылыми мақаладан тұратын жинақты таныстырды. Электронды нұсқасы барлық қатысушыларға табысталды.
Конференция жаңа кәсіби байланыстардың орнауына, бірлескен цифрлық жобалар құруға негіз болды.
Роксана Глыбова
Фото: Артем Жигулин







