KZ
Өскемен
-2°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

ШҚО-дағы халықаралық конференцияда Ұлы Дала тарихы талқыланды

28.04.2025, 09:00 642 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара белгілі отандық тарихшы-ғалым Ирина Ерофееваны еске алуға арналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы: зерттеу тәжірибесі, мәселелері және келешегі» тақырыбындағы конференцияны ШҚО әкімдігі мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ұйымдастырды. 

Конференция Қытай, Польша, Түркия және Ресей елдерінен келген ғалымдарды біріктірді. Қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және қарастырылған тақырыптың өзектілігін ерекше атап өтті.

Шара барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан конференция қатысушыларын облыс әкімінің аппараты басшысы Ерлан Текешов құттықтады. Ол қатысушыларға табысты әрі нәтижелі жұмыс тіледі.

– Бүгінде Ұлы Даланың тарихы қайта қаралып отыр, бұл бізді жаһандық бірегейлікті іздеуге, гуманитарлық ғылымдарды дамытуға, халықаралық диалогты нығайтуға ынталандырады. Бұл конференция – осы тақырыпқа деген қызығушылықтың бәсеңдемей, керісінше жаңа серпін алғанының айқын дәлелі. Әсіресе, Ирина Викторовнаның бастаған жолын жалғастырып жатқан жас ғалымдардың белсенділігі қуантады. Бұл оның ғылыми мұрасының өміршеңдігін көрсетеді, – деді Ерлан Текешов.

Конференция барысында Ирина Ерофееваның қазақ тариханасындағы маңызды орны атап өтілді. Ол XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақстан тарихының әлемдегі үздік мамандарының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты, Ұлы Даланың тарихы мен мәдени мұрасы бойынша бірегей зерттеулердің авторы болды (1953-2020 жж.).

Ирина Ерофееваның тарихи-мәдени мұрасы туралы мазмұнды баяндама жасағандардың бірі – Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ Директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Рақымжанов болды. Конференция барысында қоғамдық қор өкілдері мен шетелдік қонақтар да қызықты баяндамалар жасап, ғылыми пікір алмасуға тамаша мүмкіндік алды.

Ғалымдар конференцияның бірнеше негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, «Қазақстандық тарихшы-ғалым И. Ерофееваның ғылыми мұрасы», «Тарих, деректану және тарихнаманың өзекті мәселелері», «Тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеудің заманауи тәжірибелері», «Тарихи өлкетану: қазіргі жағдайы және даму үрдістері», «Тарихи зерттеулердегі пәнаралық тәсілдер» сияқты тақырыптарда баяндамалар тыңдалды.

Пленарлық отырыстан кейін халықаралық конференцияның арнайы қарары қабылданып, конференция жұмысы панельдік сессияларда өз жалғасын тапты.

Тайыр Сапарғалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу