KZ
Өскемен
-5°
туман жел 1 м/с, СБ
508.3 592.17 6.63

ШҚО әкімі: Өнеркәсіп пен туризм бағытындағы жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді

1.12.2025, 19:00 130 Айдос Мырзахметов

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық кеңес барысында жыл басында қойылған міндеттердің орындалу сапасы қаралып, өндіріс пен инвестиция саясаты, сондай-ақ туризм саласының даму жоспарлары бойынша бірқатар маңызды ескерту айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.

Кеңесте өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов бірнеше бағыт бойынша елеулі кемшіліктер бар екенін атап өтіп, жауапты басшылардың жұмысына сын айтты. Әкімнің айтуынша, өнеркәсіп, өңдеу саласы, инвестиция тарту, сондай-ақ туризмді дамыту бағытында жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмаған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар жетекшілік ететін негізгі салалардағы баяу қарқын мен шешілмеген мәселелер нақты жауапкершілік аясында қаралды.

Өңірлік экономиканың маңызды базасы – өндіріс саласына қатысты жыл басында қойылған міндеттердің орындалу деңгейін ашық талдаған Нұрымбет Сақтағанов бұл бағыттағы істің сапасына сын айтты. Атап айтқанда, қаржылай қолдау алған шағын және орта өндірістердің елеусіз қалуы, статистикада дұрыс көрініс таппауы аса маңызды мәселе ретінде көтерілді.

– Перспективалы салалар пысықталмаған. Өнеркәсіпті құрайтын жаңа бағыттарды дамыту жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру бойынша қажетті жұмыстар жүргізілмеген. Бүгінгі күнге дейін өнеркәсіптік дамудың келесі негізгі мәселелері бойынша ұсыныстар дайындалмаған. Жаңа кен орындарын игеру, кластерлік бағыттарды және өзге де өндірістерді дамыту, қала құрушы кәсіпорындардағы жергілікті қамтуды арттыру шаралары, өндіруші сектордың төмендеуін өтей алатын балама өнеркәсіп салаларын қалыптастыру, жеңіл өнеркәсіпті және халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамыту, – деді аймақ басшысы.

Өңір басшысының айтуынша, бұл мәселелер бойынша ешқандай толыққанды ұсыныс түспей отыр. Осы себепті облыс басшысы шұғыл түрде бірқатар тапсырма жүктеді.

– Бірінші кезекте өңірдегі барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар мен өңдеу саласында жұмыс істейтін нысандарды толық инвентаризациядан өткізу қажет. Бұған қоса, мемлекеттік қолдау алған өңдеу кәсіпорындарының толық есебін жасау, олардың қазіргі жағдайын, жүктемесін және тиімділігін бағалау міндеттелді. Жаңа кен орындарын игеру жұмыстарын жеделдету қажет, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Кеңес барысында туризмді дамыту бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар ұсынған шеберлік-жоспары да қаралды. Әкім құжат әдемі рәсімделгенімен, мазмұны сын көтермейтінін жеткізді.

– Ұсынған туристік шеберлік-жоспары – туристік роман. Бізге нақты нәтиже беретін, қысқа әрі түсінікті басқарушылық құжат қажет, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Туризм бойынша нақты ілгерілеу болмаған жағдайда, инвестиция тарту да қағаз жүзінде қалып қоятыны белгілі. Сондықтан кеңесте анықталған ескертулер бойынша нақты мерзімдер белгіленіп, орындау міндеттелді.

Кеңесте көтерілген мәселелердің мазмұны аталған негізгі салаларда үйлестіру мен жоспарлауды күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. 

Жұмыстың мүлде жүзеге аспай қалуы емес, бірақ бірқатар салада нәтижеге әсер ететін бастапқы талдау, деректерді жинау, нақты индикаторлар қою сияқты процестердің баяу жүргізілуі жалпы қарқынға ықпал етіп отырғаны аңғарылады. 


Айдос Мырзахметов 

Фото: ШҚО әкімдігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу