Өңір экономикасының даму көрсеткіштерінде өсім бар - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың жиыны өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Сақтағановтың төрағалығымен өткен өңірлік штабтың отырысында осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы облыс экономикасының даму көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды Altaineaws.kz тілшісі.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 5,1%-ға (1 231,2 млрд теңге), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 3,7%-ға (1078,5 млрд теңге), негізгі капиталға салынған инвестициялар – 7,7%-ға (286,5 млрд теңге), оның ішінде жекеменшік инвестиция –13,7%-ға (221,6 млрд теңге), ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 2,9%-ға (91,2 млрд теңге), бөлшек тауар айналымы – 1,9%-ға (528,7 млрд теңге), құрылыс жұмыстары – 31,5%-ға (135,9 млрд теңге) өскен. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4,4% өсіммен 141,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,5% болды (2024 жылғы қаңтар-мамыр).
Облыс әкімінің әрбір орынбасарына жетекшілік ететін салалары бойынша нақты меже белгіленіп, атқарылатын жұмыстар бекітілген. Ал осы көрсеткіштерге қол жеткізу және жоспарды іске асыру барысы күн сайын Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың отырысында қаралады.
Жиын қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласындағы өсімді жоспарланған көрсеткіштерден төмен емес деңгейде қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.
Жалпы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Н.Сақтағанов бүгінгі таңдағы басты міндет өңір экономикасының өсімін жыл сайын кемінде 6-7% деңгейде қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл орайда аймақтың әлеуеті мен бәсекелестік артықшылықтарын пайдалану қажет.