Самар ауданына инвесторлар тарту – өнеркәсіп секторын нығайтудың бірден-бір жолы
Самар ауданының өнеркәсіптік әлеуетін дамыту және инвестиция тарту негізгі басымдықтардың бірі болып қала бермек. Бүгіннен бастап Самар ауданы әкімінің қызметіне кіріскен Серік Жеңісовтың алдына осындай міндет қойылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл туралы аудан халқымен есептік кездесуі кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов айтты.
Оның сөзінше, алдағы екі жылда ауданда жалпы құны 11,5 миллиард теңгенің екі ірі жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар – алтын өндіру фабрикасын салу және қант қызылшасын өңдейтін зауыт құрылысын жүргізу жобалары.
Қазір ауданның өнеркәсіптік өндіріс көлемі 6,2 миллиард теңгені құрайды. Мұндағы негізгі үлес (83,9 пайыз немесе 5,2 миллиард теңге) тау-кен өнеркәсібінікі. Бұл – облыстағы өнеркәсіп секторының 4,2 пайызы (119,4 миллиард теңге) ғана. Осы ретте ауданның тау-кен саласының 96 пайызы (бес миллиард теңге немесе 121,3 мың тонна) металл кендерін өндіруге тиесілі екенін айту керек.
Сектордағы ірі кәсіпорындар – «Сәтпаев тау-кен байыту кәсіпорны» ЖШС, «Каскад» ЖШС мен «ДСУ-14» ЖШС. Аудан аумағында 16 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыз немесе 686,6 миллион теңгені құрайды. Оның ішінде негізгі үлес – азық-түлік өндірісінде (617,9 миллион теңге немесе 90 пайыз). Ал осы азық-түлік өндірісінің басым бөлігі балық өңдеу мен консервілеуге тиесілі (576,2 миллион теңге немесе 959 тонна). Бұл бағыттағы негізгі жұмысты «Кузьмич» ЖШС мен «Дигам» ЖШС атқаруда.
Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Самар ауданының жобаларының жалпыұлттық инвестициялық пулда жоқ екенін атап өтті.
Ол жаңадан тағайындалған аудан әкіміне осы бағыттағы жұмысты ширатуды тапсырды.