ШҚО әкімі Самар ауданындағы агроөнеркәсіп нысандарының жұмысымен танысты
Самар ауданына жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «ЛИК» шаруа қожалығының қызметімен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған шаруашылықтың негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру және өткізу. Қожалық отандық және шетелдік белгілі маркаларға арналған қуырылған шемішкенің әртүрлі түрлері мен сорттарын экспорттайды. Өнімдерге облыс аумағынан бөлек, Қазақстан нарығында және шетелдерде тұрақты сұраныс бар.
Қожалықта бүгінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал орташа айлық жалақы 200 мың теңгені құрайды. Кәсіпорынның қаржылық айналымы өз қаражаты мен кредиттік ресурстар есебінен қалыптасады.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов шаруашылықтың жұмысына жоғары баға беріп, ұжымға алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Бүгінде «ЛИК» шаруа қожалығының жалпы жер көлемі 3 411 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік алқабы – 2 375,56 га, жайылым – 817,9 га, шабындық – 197,6 га.
Шаруашылықтың өндірістік әлеуетін 26 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қамтамасыз етіп отыр.
Жалпы, агроөнеркәсіп кешені Самар ауданы экономикасының негізгі саласы болып саналады және облыс экономикасындағы үлесі 2,6 пайызды құрайды. Ауданда дәстүрлі түрде өсімдік шаруашылығы басым бағыт саналады. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығының үлесі – 54,8%, ал мал шаруашылығы – 45,2%.
Аудан әкімі Серік Жеңісов егін шаруашылығында табиғи жауын-шашынға тәуелді дәстүрлі тәсілдерден бас тартып, нақты технологияларға негізделген өнім өндіруге кезең-кезеңмен көшу басталғанын атап өтті.
Бүгінде ауданда 17,6 мың бас ірі қара мал өсіріледі, бұл облыстық көрсеткіштің 4,3 пайызына тең. Сондай-ақ 36,4 мың бас қой мен ешкі (6%) және 10,2 мың бас жылқы (4,2%) бар.
Ағымдағы жылдың 10 айында ауданның барлық санаттағы шаруашылықтарында 3,3 мың тонна ет өндірілді, бұл облыс көлемінің 2,6 пайызын құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдары 915,5 тонна ет өндіріп, облыстық көлемнің 1 пайызына жеткен.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы облыс бойынша 72 жоба 1 млрд теңгеге қаржыландырылса, биыл 115 жобаға 1,5 млрд теңге бағытталған. Қаражат туризмді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жұмсалуда.
Атап айтқанда, өткен жылы Самар ауданының кәсіпкерлеріне аталған бағдарлама бойынша 6 кредит 114,3 млн теңгеге берілді. Ал ағымдағы жылдың басынан бері 18 жоба 309,8 млн теңгеге мақұлданды. Бұл жобалар туризмді дамытуға, қайта өңдеу саласына, жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға бағытталған.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданының басшысына және Ауыл шаруашылығы басқармасына агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуын бақылауға алуды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша жаңа жобалар жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Айгүл Базарова
Фото: Артем Жигулин












