KZ
Өскемен
-3°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
511 602.72 6.49

Тәуелсіздік рухы: өскемендік 91 оқушы бір уақытта күй шертті

16.12.2025, 09:00 443 Ержан Әбіш

 

Жуырда Өскемендегі №47 мектепте ел Тәуелсіздігіне арналған мазмұнды әрі әсерлі мәдени іс-шара өтті. Осы оқу орнының 91 оқушысы бір мезетте күй шертіп, Тәуелсіздікке тағзым жасады, ұлттық өнер арқылы елдік сананы ұлықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Жұлдыз» өнер мектебінің «Мұрагер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараның басты ерекшелігі сахнаға 91 баланың бір мезетте шығуы болды. Бұл сан бекер таңдалмаған. Өскемендегі «Жұлдыз» өнер мектебінің ұстазы, музыкалық жетекші Талғат Әбішевтің айтуынша, бұл – 1991 жылы еліміздің Тәуелсіздік алғанын бейнелейтін символдық шешім.

– Біз балаларға рух беру, азаттықтың қадірін сезіндірту үшін 91 оқушыны біріктіріп, өнер арқылы тарихты жеткізгіміз келді, – дейді ұстаз.

Шараның ашылуында жас өнерпаздар «Еркем-ай» халық әні мен «Тепеңкөк» күйін орындады. Әуезді ән мен күмбірлеген күй арқылы Тәуелсіздік жолында жанын қиған Желтоқсан қаһармандарына тағзым жасалды. Бұл – болашақ ұрпақтың еркіндігі үшін күрескен ерлерге деген құрметінің көрінісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара жай концерт емес, тәрбиелік мәні зор рухани сабақ болды. Өнер арқылы балалар ұлттық мәдениетті, тарихты тереңірек түсінбек.

– Достарыммен бірге күй орындау мен үшін ерекше оқиға болды. Бұл концертке ұзақ дайындалдық, күн сайын жаттығып, ән мен күйді үйлестіріп шықтық, – дейді оқушылардың бірі өз әсерімен бөлісіп.

Іс-шараға қатысқан мұғалімдер мен оқушылар жас өнерпаздардың өнеріне жоғары баға беріп, мұндай тағылымды бастамалардың өскелең ұрпақ үшін аса маңызды екенін атап өтті. Тәуелсіздік рухын өнермен жеткізген бұл шара көрерменнің де, қатысушылардың да жүрегінде ерекше әсер қалдырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу