KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Өскеменде «Ұлт рухы – домбыра үні» флешмобы өтеді

23.10.2025, 11:30 192 Базарова Айгүл

Республика күні қарсаңында ел рухын көтеріп, ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға бағытталған ерекше шара – «Ұлт рухы – домбыра үні» атты домбырашылар флешмобы Өскемен қаласында өтеді. Музыкалық бастама Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен 23 қазан күні сағат 15:00-де Maxi Mall сауда және ойын-сауық орталығында өтпек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Флешмобтың басты мақсаты – қазақ халқының төл мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптеу, жастардың бойында отансүйгіштік пен рухани бірлік сезімін қалыптастыру. Домбыра үні арқылы қатысушылар көрерменге ұлттық мақтаныш пен елдік рухтың қуатын сезіндіруді көздейді.

Іс-шараға Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары қатысып, қазақтың әйгілі күйлерінен үзінділер орындайды. Әсем күйлермен өрілетін бұл музыкалық қойылымда ата-баба мұрасы – домбыраның қоңыр үні қала тұрғындары мен қонақтарына рухани ләззат сыйлап, ұлттық өнердің асқақ үнін тағы бір мәрте естіртпек.

Бұл флешмоб – Республика күні мерекесіне арналған рухани, мәдени және патриоттық бастамалардың бірі. Мұндай жобалар жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілікті ұялатып, ұлттық өнердің мәңгілік құндылығын ұлықтауға бағытталған.

Барша қала тұрғындары мен қонақтарын ұлттық рух пен өнер мерекесіне айналатын бұл ерекше флешмобқа қатысып, қазақтың қоңыр домбырасының үніне бірге сусындауға шақырады.



Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу