KZ
Өскемен
небольшой снег жел 3 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан!

11.12.2025, 14:30 159 Серік Құсанбаев

Шығыс Қазақстан облыстық Өнер мұражайында еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күніне арналған «Менің елім – Тәуелсіз Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Іс-шараға мәдениет және білім мекемелерінің өкілдері, "Жұлдыз" балалар өнер мектебі мен "Самғау" қосымша білім беру орталығының шығармашылық ұжымдары қатысып, жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мемлекетіміздің әнұранымен басталған мерекелік бағдарламада Тәуелсіздік - бірлік, еркіндік және ұлттық сана символы ретінде айрықша мәнге ие екендігі ерекше аталып көрсетілді. 

Шара барысында жиналғандарға 1991 жылғы елімізде болған сан алуан оқиғалар хронологиясы деректі фильм нұсқасында көрсетілді. Онда сол кезеңде енді ғана өз тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекетіміздің қалыптасу жолындағы негізгі кезеңдер бейнеленген. 

Әсем әнмен әрленіп, күміс күймен зерленген шара барысында 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қаһармандары жайлы, олардың ұлтқа, Отанға деген сүйіспеншіліктері, найзағайдай жарқылдаған намыстары жайында естеліктер айтылып, сол жастардың ұлттық рухты қалыптастырудағы елеулі үлестері атап өтілді. Жиынға жиналған қауым 1986 жылы нақақтан-нақақ жапа шеккен боздақтарды орындарынан тұрып бір минут үнсіздікпен еске алды.

Өнер мұражайы ұйымдастырған концерттік бағдарламада «SAMGAU» қосымша білім орталығының «Мирас» ансамблі халық күйі «Күй тартыс» орындаса, «Жұлдыз» өнер мектебінің оқушысы Сұлтан Маратов, Базарбай Исаевтың «Қуан, қазақ! Күн туды қуанатын!» шығармасы бойынша әдеби-композициясын орындады.

Сонымен қатар «SAMGAU» қосымша білім орталығының шығармашылық ұжымдары «Шоқ қыздар» биін және «Туған жерім» әнін орындап ұлттық нақыштағы көріністермен шараның шырайын аша түсті.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елге бейбітшілік, тұрақтылық, сондай-ақ мемлекетіміздің әрі қарай гүлденуін тілеп, тарихи естеліктерді сақтау мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығын атап көрсетті. Жас өнерпаздарға Алғыс хаттарын табыстады.

Қатысушылар шараның екінші бөлімінде "Бостандық жолы: Жасанды зерде көзқарасы" атты көрмені тамашалап, қазақ халқының өткені мен бүгінгі жеткенінен сыр шертетін қылқалам шеберлерінің еңбектерінен мол мағлұматтар алды.

– Шараға келгендер, әсіресе, жас ұрпақ осыдан 35 жыл бұрын бүгінгі тәуелсіздік үшін қандай оқиға болғандығын, сол кездегі жастардың Алматыдағы орталық алаңға шығып үкіметке не үшін және нендей наразылық білдіргендігін, сол үшін жазықсыз айыпталғандарын, соның арқасында еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгендігін білулері тиіс. Мұндай танымдық шаралар жыл сайын ауқымын кеңейтіп, мазмұнын тереңдете береді деп ойлаймын, - дейді мұражай директорының орынбасары, ақын Есенбол Нақтыбайұлы.


Серік Құсанбаев

Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Жалғас Сакадиев 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу