KZ
Өскемен
-24°
туман жел 1 м/с, С
512.16 594.72 6.57

Зияткерлік меншік саласындағы заңнама жаңартылды

18.12.2025, 10:00 58 Базарова Айгүл

Ағымдағы жылдың қараша айында Мемлекет басшысы зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды. Құжат авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды күшейтіп, саланың ашықтығы мен тиімділігін арттыруды көздейді. Заң аясында Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ең басты жаңалықтардың бірі – ұжымдық құқықтарды басқару саласында Бірыңғай цифрлық платформаның (БЦП) енгізілуі, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұл платформа шығармалар мен туындылардың пайдаланылуын, сондай-ақ авторлық сыйақының есептелуін бірыңғай жүйеде тіркеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде авторлар мен пайдаланушылар үшін процестер барынша ашық әрі қолайлы болмақ.

Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу сыйақыны жинау мен бөлудің әділдігін қамтамасыз етеді. Заң талаптарына сәйкес, жиналған сыйақыны сараптама ұйымы құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар арасында бөледі. Ал сыйақының мөлшері, оны жинау, бөлу және төлеу тәртібі Қазақстан Республикасының уәкілетті органы арқылы белгіленеді.

Цифрландыру зияткерлік меншік саласындағы ашықтықты арттырып қана қоймай, құқықтарды қорғау тетіктерінің тиімділігін де күшейтеді.

Сонымен қатар заңда әлеуметтік маңызы бар бірқатар жаңашыл нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, көру қабілеті бұзылған адамдарға жарияланған шығармаларға автордың рұқсатынсыз және сыйақы төлемей қол жеткізу мүмкіндігі берілді.

Іскерлік орта үшін де маңызды өзгерістер енгізілді. Тауар белгісін тіркеу мерзімі жеделдетілген тәртіппен 3 айға дейін қысқартылса, тауар белгісін тіркеуге қарсы шығу мерзімі керісінше 1 айдан 2 айға дейін ұзартылды. Бұдан бөлек, авторлық және сабақтас құқықтарға мемлекеттік бақылау күшейтілді.

Заңның негізінде Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (ерекше бөлім), Кәсіпкерлік кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексіне, сондай-ақ «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы», «Қазақстан Республикасының Патент заңы», «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы», «Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы», «Әділет органдары туралы» заңдарына тиісті өзгерістер енгізілді.

Айта кету керек, бірқатар нормалар, соның ішінде тауар белгісін тіркеудің жаңа тәртібі мен Бірыңғай цифрлық платформаның толық іске қосылуы 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу