KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

ШҚО-да қысқы туризм мен қысқы спорт түрлерін дамытуға арналған арнайы жоспар әзірленеді

19.12.2025, 10:15 136 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында қысқы кластерді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жалғасып келеді. Осы саладағы белсенділер мен қоғам өкілдерімен өткен кездесуде қысқы туризм мен қысқы спорт түрлерінің болашағы талқыланды. Жиын барысында қазіргі ахуал, шешуді қажет ететін мәселелер және алдағы жылдарға арналған нақты іс-қимыл жоспары ұсынылды. Тау-шаңғы базалары мен қонақүйлерді қайта жаңғырту, спортшыларды даярлау, туристік инфрақұрылымды кеңейту секілді бағыттар қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қысқы маусымда өңірде бірқатар туристік нысан жұмыс істейді. Мәселен, Глубокое ауданында 20 туристік объект, ал облыстағы қысқы туризмнің негізгі орталықтарының бірі саналатын Риддер қаласында 28 нысан қызмет көрсетуде.

Шығыс Қазақстан облысының туризм және спорт басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің айтуынша, Риддерде екі тау-шаңғы кешені бар – Star Dust Camp және «Эдельвейс». Star Dust Camp кешеніндегі трасса күрделілігіне байланысты әзірге сынақ режимінде пайдаланылып, негізінен спортшылардың ұйымдасқан топтарына арналған.

Ал «Эдельвейс» кешені қайта жаңғыртылуда. Мұнда 30 орындық қонақүй жаңартылып, 2026 жылы аспалы жолға қатысты жұмыстар толық аяқталады. Бұл шаңғы тебу кезінде жайлылық пен қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Инвестордың айтуынша, нысан ағымдағы маусымда жұмысын бастайды. Желтоқсан айының басында аспалы жол техникалық тексеруден өткен, қазір тау беткейлерін дайындау және қарды нығыздау жұмыстары жүргізілуде.

Қонақүй инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Риддерде Ridder Resort Hotel қонақүйін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Жоба аясында тікұшақ қонатын алаң салынып, heliskiing бағытын дамыту көзделген. 18 желтоқсанда мұнда тау-шаңғы киімдері мен жабдықтарына арналған мамандандырылған дүкен ашылды. Сонымен қатар, 2026 жылдың қаңтарында 70 орындық Ridder Inn қонақүйін сынақ режимінде ашу жоспарланып отыр.

Өңірде жыл бойы BearLog демалыс базасы жұмыс істейді. Бұл жерде қарда жүретін көліктермен серуендеу, фрирайд, ski tour, heliskiing және тікұшақпен экскурсиялар ұсынылады.

Риддермен қатар, басқа аудандарда да туристік қызметтер дамып келеді. Алтай ауданында «Орел» базасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, мұнда 60 орындық қонақүй салу жоспарланған. Қазіргі таңда инженерлік желілерді тарту аяқталуға жақын. Жалпы Алтай ауданында 11 туристік нысан бар, оның ішінде Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы үш демалыс базасы жұмыс істейді.

Дамудың негізгі бағыттарының бірі – «Анатау» жобасы және Риддер таулы кластерін қалыптастыру. Швейцариялық BARTOLET компаниясымен бірлесіп, Иванов жотасы мен Проходной Белок тауы аумақтарына инженерлік бағалау жүргізіліп, аэровизуалдық түсірілімдер жасалды.

Кеңес қорытындысы бойынша бұл аумақтарды әртүрлі бағытта, кешенді түрде дамыту ұсынылды. Иванов жотасы – жаппай тау-шаңғы туризмі орталығы ретінде, ал Проходной Белок – экстремалды және қарда жүретін техникаға арналған демалыс аймағы ретінде қарастырылуда. Барлық материалдар тұжырымдамалар мен техникалық шешімдерді әзірлеу үшін тиісті құрылымдарға жолданды.

Сонымен қатар өңірде туризмді цифрлық тұрғыда ілгерілету жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Kaspi Travel платформасын облыс аумағында енгізу мәселесі бойынша онлайн-кездесу өткізу жоспарланған.

Туризммен қатар спорт бағыты да қатар дамып келеді. Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың мәліметінше, өңірде сноуборд бойынша 8 жаттықтырушы жұмыс істейді, 125 спортшы оқу-жаттығу топтарында, 70 спортшы қабылдау кезеңінде, тау шаңғысы бойынша 8 жаттықтырушы, 98 спортшы жаттығу топтарында және сонша спортшы қабылдау сатысында, тау шаңғысы мен сноубордтың базалық қаласы саналатын Риддерде 7 жаттықтырушы 143 спортшымен жұмыс істейді, тағы 100-ден астам бала қабылдануда. Фристайл-могулмен 144 спортшы айналысады, олармен 15 жаттықтырушы жұмыс істейді, тағы 100 бала бастапқы дайындық топтарында.

Оқу-жаттығу үдерісі «9 километр» базасында, «Нұртау», «Алтай Альпісі» және «Эдельвейс» тау-шаңғы кешендерінде өтеді. Ал жаз мезгілінде спортшылар Бұқтырма су қоймасындағы су трамплинінде және батуттармен жабдықталған жеңіл атлетикалық манежде дайындалады.

Кездесуде қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселен, көтергіштердің жұмысына қатысты бірнеше рет ақаулар тіркеліп, соның салдарынан фристайл-могулдан ұлттық құраманың жаттығуларының бір бөлігі Алматы қаласына ауыстырылған.

Шығыс Қазақстан үшін дәстүрлі қысқы спорт түрлері – шайбалы хоккей, шаңғы жарысы және биатлон. Алайда бұл бағыттардың дамуына заманауи инфрақұрылымның жетіспеуі кедергі болып отыр. Өңірде әлі күнге дейін халықаралық талаптарға сай атыс тирі бар шаңғы-биатлон трассасы жоқ. Мұндай нысанды Риддерде салу жоспарланған.

Хоккейді дамыту үшін қолданыстағы ареналардан бөлек, Өскемен қаласында кемінде екі жабық хоккей модулін, сондай-ақ Риддер, Зайсан, Шемонаиха және Глубокое аудандарында да осындай модульдер салу қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар спорт нысандарының жалпы тапшылығы атап өтілді. 2014–2023 жылдар аралығында өңірде небәрі бір ғана спорттық нысан – теннис орталығы салынған. Ал 2022 жылы «9 километр» тау-шаңғы базасында болған өрт салдарынан спортшылардың жабдықтары мен спорттық инвентары толығымен жойылған.

– Қысқы спорт түрлерін дамыту – өңірлік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Қысқы туризм де назардан тыс қалмауы тиіс. Жақында маусымның ашылуына бардық, жолдың тым тар екені байқалды. Сондықтан «Алтай Альпісі» базасына дейінгі жолды кеңейтіп, кемінде үш көлік қатар өте алатындай ету мәселесін қарастыру тапсырылды, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы қысқы туризмді дамытуда нысан иелерімен, қоғам өкілдерімен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтіп, саланы бюджеттен қаржыландыру тетіктерін қарастырудың маңызын атап өтті.

– Кейде қаржыландыру мәселесі туындайды, бірақ өтінімдер тиісті органдарға берілмейді. Ал ведомстволар нақты қандай жабдық қажет екенін білмейді. Кейбір азаматтар мүмкіндіктерден хабарсыз болғандықтан, спорттық құрал-жабдықты өз қаражатына сатып алады. Бұл – коммуникация мен өзара байланыстың жеткіліксіздігінен туындап отырған мәселе, – деді облыс әкімі.

Осыған байланысты Нұрымбет Сақтағанов балаларға арналған спорттық жабдықтарды бюджет есебінен сатып алу мүмкіндігін қарастыруды және қажет болған жағдайда республикалық қорлармен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.

– Бүгін айтылған барлық ұсыныстарды жинақтаңыздар. Биыл кейбірін шешуге тырысамыз, ал бірқатарын 2026 жылдан бастап іске асырамыз. Ең бастысы – барлық ұсынысты жүйелеп, алдағы үш жылға арналған жоспар мен бюджетке енгізу мүмкіндігін қарастыру, – деді өңір басшысы.

Қысқы туризм мен спортты дамыту жоспарын әзірлеу барысында қаржыландырудың барлық тетіктері, жабдықтармен қамту және қоғам өкілдерімен өзара байланыс жан-жақты ескерілуі тиіс.

– Облыста ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Өскеменде 500 орындық мұз сарайын және 5000 орындық мұз аренасын, Глубокое ауданында жабық хоккей модулін, Зайсанда мұз аренасын саламыз. Бірақ мұның бәрі бірлескен жұмысты талап етеді. Сондықтан барлық ұсыныстарыңызды енгізіңіздер, біз барлық деңгейде өзара әрекет етеміз. Бірге жұмыс істесек, нәтижеге жетеміз, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында қысқы туризм мен қысқы спорт түрлерін дамыту жұмыстары өңірді туристік тұрғыдан дамытуға арналған жол картасы мен түрлі деңгейдегі тапсырмаларға сәйкес жалғасатын болады. Негізгі басымдықтар – инфрақұрылымды жаңарту, қауіпсіздікті арттыру, бұқаралық спортты қолдау және барлық жастағы туристер мен кәсіби спортшыларға қолайлы жағдай жасау.


Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу