Риддер – қысқы туризмнің орталығы
Риддер қаласында өткен халықпен кездесуде аймақ басшысы өңірдің басты әлеуетінің бірі – туризм екенін айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазірдің өзінде Риддер қысқы демалыс пен шаңғы спорты бойынша облыста көш бастап тұр. Мұнда 40-қа жуық туристік нысан бар, олардың ішінде тау-шаңғы курорттары, қонақ үйлер, демалыс базалары мен балалар лагерьлері жұмыс істейді. Өткен жылы қалаға 42 мыңнан астам турист келген.
Аймақтың бірегей табиғатының арқасында Поперечное ауылы Қазақстанның үздік 5 туристік ауылдарының қатарына енгені де тұрғындар үшін мақтаныш. Бұл ауыл халықаралық деңгейдегі байқауда ел намысын қорғап отыр.
Жаңа жобалардың ішінде ең ірісі – Ивановский жотасында салынатын «Анатау» тау шаңғысы курорты. Швейцариялық мамандардың қатысуымен Риддердегі тау кластерін дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр.
Биылдың өзінде бірнеше жобаны іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде қонақ үйлерді қайта жаңарту, демалыс базаларын салу және ақылы балық аулау аймағын ашу бар. Ал алдағы үш жылда «Эдельвейс» қонақ үй кешенін қайта құру жобасы қолға алынбақ.
Туризмді дамыту үшін визит-орталық ашу, жол бойындағы сервисті жақсарту және санитарлық тораптар орнату да күн тәртібінде тұр.




