KZ
Өскемен
-14°
облачно с прояснениями Штиль
515.02 604.22 6.5

Өңірлерде шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінеді

Бүгін, 14:30 37 Ержан Әбіш

Үкімет ауылдық аумақтар мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарламаны Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьердің айтуынша, жаңа бастама өңірлерде тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым әрі қысқа мерзімде жүзеге асырылатын өндірістік жобаларды қолдауға бағытталған. Атап айтқанда, ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайханалар ашу, жиһаз, құрылыс материалдарын өндіру сияқты бағыттарға басымдық беріледі.

«Іскер аймақ» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде несие ресурстары бөлінеді. Бір жобаға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін жетеді. Қаржыландырудың жылдық мөлшерлемесі шамамен 8,8 пайызды құрайды, оның 40 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Несие беру мерзімі – 3 жылға дейін.

Сонымен қатар, кепілге қоятын мүлкі жоқ немесе жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржыландыруға қолжетімділікті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.

Серік Жұманғариннің атап өтуінше, бағдарлама тек қаржылай қолдаумен шектелмейді. Кәсіпкерлерге жеңілдікпен өндірістік үй-жайларды және жер телімдерін жалға алу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу мүмкіндігі ұсынылады. Сондай-ақ өндірісті тиімді жолға қою үшін сервистік сүйемелдеу, салалық онлайн-оқыту курстары енгізіледі.

Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын алуда «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға басымдық беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімдер egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған форматта қабылданады. Ал шалғай және ауылдық аудандар үшін көшпелі формат та қарастырылған. Арнайы мобильді кеңселер – автобустар жергілікті жерлерге барып, кәсіпкерлерге кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.

Жаңа бағдарлама өңірлердегі өндірісті дамытып, жұмыс орындарын ашуға, ауыл экономикасын жандандыруға және шағын бизнестің үлесін арттыруға серпін береді деп күтілуде.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу