KZ
Өскемен
-6°
туман жел 2 м/с, З
505.53 593.44 6.34

Мемлекеттік қызметшілерге қатысты шектеулер сақталады – Сенат

23.12.2025, 14:00 124 Төлеуғазы Жансая

Соңғы күндері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында «мемлекеттік қызметшілерге бизнеспен айналысуға рұқсат берілді» деген мазмұндағы ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды. Сенаттың баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов аталған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оның айтуынша, қабылданған заңдағы өзгерістер тікелей мемлекеттік қызметшілерге емес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлғаларға қатысты. Яғни, әңгіме классикалық мағынадағы мемлекеттік қызметкерлер туралы емес.

Бұл санатқа, атап айтқанда, мемлекеттік орган болып саналмайтын мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары мен басқарушылары кіреді. Олардың қатарында мектептер мен ауруханалардың басшылығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, сондай-ақ автомобиль жолдарында техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін мамандар бар.

Сонымен бірге, бұл адамдарға да кәсіпкерлікпен немесе өзге ақылы қызметпен айналысуға толық еркіндік берілді деу дұрыс емес. Заңда нақты шектеулер сақталған. Егер қосымша табыс көзі негізгі қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтірсе, қызметтік мүлікті пайдаланумен байланысты болса немесе мүдделер қақтығысына әкелсе, мұндай қызметке қатаң тыйым салынады.

Данияр Рамазановтың атап өтуінше, мемлекеттік қызметшілерге қатысты бизнес жүргізуге қойылған тыйым бұрынғыдай күшінде қалады. Сондай-ақ бұл шектеу ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың, ұлттық және өңірлік даму институттарының басшылары мен олардың еншілес ұйымдарының басқарушыларына да қолданылады.

Айта кету керек, бұған дейін Сенаттың өзі ресми хабарлама таратып, аталған заң жобасы туралы ақпарат берген болатын. Ол хабарламада мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген кейбір тұлғалар үшін жалпы тыйым алынып тасталатыны, бірақ мүдделер қақтығысы, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және лауазымдық міндеттерге араласу жағдайларында шектеулер сақталатыны айтылған. Сонымен қатар бірқатар санаттағы қызметкерлер үшін кәсіпкерлікке тыйым бұрынғыдай қалатыны да көрсетілген.

Осылайша, қоғамда тараған «мемлекеттік қызметшілерге бизнеске рұқсат берілді» деген ақпарат – қате түсінік. Мемлекеттік қызметшілер үшін кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым алынған жоқ және ол алдағы уақытта да күшінде қала береді.



Фото: Adobe Stock

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу