Елімізде халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің оң деңгейі тіркелуде
Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика байқалуда. Соңғы деректер жалпы және нәресте өлімінің төмендегенін, сондай-ақ күтілетін өмір сүру ұзақтығының артқанын көрсетіп отыр. Бұл нәтижелер елімізде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған кешенді шаралардың тиімділігін және көрсетілетін медициналық көмектің сапасының жақсарғанын айғақтайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылдың алғашқы 10 айының қорытындысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітім деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, нәресте өлімі көрсеткіші 18,7 пайызға азайған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер ана мен бала денсаулығын қорғау, перинаталдық көмекті жетілдіру және алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын арттыру бағытында қабылданған жүйелі шешімдердің нәтижесі болып табылады.
Дүниежүзілік Банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан күтілетін өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап отыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 75,4 жасқа жеткен. Бұл көрсеткіш халықтың өмір сүру сапасының жақсарғанын, созылмалы аурулардың алдын алу, ерте диагностика және тиімді емдеу шараларының оң ықпалын көрсетеді.
Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының 2025 жылғы есебіне сәйкес, еліміз Адами даму индексі бойынша өткен жылмен салыстырғанда өз орнын 7 сатыға жақсартып, 193 елдің ішінде 60-орынға тұрақтады.
Адами даму индексінің құрамдас бөліктерінің бірі – денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер. Осы тұрғыдан алғанда, өмір сүру ұзақтығының артуы мен өлім-жітім деңгейінің төмендеуі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігін айқындайды.
Жалпы алғанда, тіркелген оң өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіру, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ профилактикалық шараларды күшейту бағытындағы жұмыстардың жалғаса беретінін көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықтың денсаулығын нығайтып, елдің тұрақты дамуына негіз болады.